Атырауда қаржы пирамидасын құрған азамат сотталды

Бұл туралы AtyrauPress облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Тергеу органдарымен Т деген азамат аса ірі мөлшерде ақша тарта отырып, қаржылық пирамиданы құрғаны және оған басшылық жасағаны үшін айыпталды (ҚК-тің 217-бабының 3-бөлігінің 2-тармағы).

Сотталушы Т. Ресей Федерациясының азаматы Д.-ның  «Thefiniko» компаниясын құрғанын біліп, адамдар тобымен алдын ала сөз байласып, оған қосылуға және компания атынан әрекет жасауға шешім қабылдаған.

«Өзінің қылмыстық жоспарларын жүзеге асыру мақсатында әрекеттерінің заңсыздығын және құқыққа қарсы келетінін ұққан. Десе де, әлеуметтік желілер арқылы өзіне жақын адамдар арасынан компанияға салымшыларды тартқан. Ол Қазақстан Республикасы аумағында «Thefiniko» компаниясының тұрақты табыс алатынына, яғни халықпен жұмыс істеу тәжірибесі бар екеніне көз жеткізіп, компанияның құрылымдық бөлімшесін басқаруға шешім қабылдаған. Компанияға 19 жәбірленушіні тартып, 108 млн теңгеден астам залал келтірген. Соның ішінде ол тергеу сатысында 93 млн теңге залалдың орнын толтырды. Өтелмеген залал сомасы 15 млн теңге шамасында», - деді баспасөз қызметіндегілер.

Сотталушының кінәсі толық дәлелденді.

Прокурор сотталушыға 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал сотталушы әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты өзін ақтауды сұрады. 18 жәбірленуші (бір жәбірленушіден басқа) келтірілген залалдың өтелуіне байланысты сотталушыны бас бостандығынан айырмайтын басқа жаза түрін тағайындауды сұрады.

Сот үкімімен Т. кінәлі деп танылып, оған қаржылық, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан 7 жыл мерзімге айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Оның зейнеткерлік жасын және келтірілген залалдың ішінара өтелгенін ескеріп, сот ҚК-тің 63-бабын қолданып, жазаны шартты түрде тағайындады.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Эльмира Мықтыбаева