Атырау қаласындағы Стаханов 3 А үйінің тұрғындары үшін бүгін ақ түйенің қарны жарылған күн. Оларға жаңа баспананың кілті табысталды, деп хабарлайды AtyrauPress қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Стаханов 3 А үйі тұрғындарының хал-жағдайы AtyrauPress сайтының тілшілері үшін жақсы таныс. Олар бұл мәселені бір емес бірнеше рет көтерді. Апатты үйде өткізген әр күннің қауіпті екенін өз көзімен көрді. Халықпен тілдесті. Билікке олардың жан-айқайын жеткізді. Тұрғындар күн сайын аман-есен оянғандарына шүкіршілік етіп, жаңа баспана алатын күн туар деген үмітін үкілеп келді. Ал бүгін Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Рафхат Жолдиев баспаналары апатты деп танылған тұрғындарға жаңа пәтерлердің кілтін табыстады.
- 1950 жылы салынған Стаханов 3 А апатты үй тізіміне тіркеліп, жол картасы бекітілген болатын. Міне, бүгін сол 8 пәтердің иелеріне қалалық бюджеттен «Модерн» жеке тұрғын үй кешенінен үй сатып алып, кілтін табыстадық. Жыл соңына дейін апатты деп таңылған қосымша 3 үйдегі 42 пәтердің тұрғындары жаңа баспанаға көшірілетін болады, - деді Р.Жолдиев.
Жаңа қоныс иесінің бірі - Ирина Галич қуанышымен бөлісіп, ризашылығын білдірді.
- Бүгін көптен күткен қуанышты жаңалық - жаңа пәтерге ие болып жатырмыз. Бұл пәтерді көп күттік. Екі қабатты ескі үйде тұрған әр күніміз уайым еді. Міне, бүгін облыс және қала әкімідігінің көмегімен жаңа пәтерге, жаңа қонысқа ие болғанымен шын жүрегіммен құттықтаймын. Барша үйге мұқтаж адамдар жаңа пәтерге ие болсын деп тілек айтамын, - деді Ирина Галич.
Қысқаша айтқанда, апатты үйдің қабырғалары қақырап, қисайып, едендері сықырлап, төбесі құлауға шақ тұрған. Тіпті жуынатын бөлмесі де жоқ. Тұрғындардың айтуынша, бұл үй 1980 жылы апатты деп танылған. Содан бері олар іші-сыртын жамап-жасқаумен және жандарын шүберекке түюмен келген.
Айта кетейік, Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Рафхат Жолдиевтің айтуынша, бүгінгі күні Атырау қаласында 82 апатты тұрғын үй бар. Оларды жаңа баспанаға көшіру жұмыстары жоспарға сай жалғасады.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА