Атырауда 470 млн теңге жымқырған шенеуніктерді сот кінәсіз деп таныды

Атырау соты 470 млн теңге бюджет қаражатын ұрлау ісі бойынша ақтау үкімін шығарды, деп хабарлайды AtyrauPress қалалық №2 сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл ақша Дамбы ауылында үш спорт залы мен 300 орындық мектеп, сондай-ақ Көкарна және Қара депо шағынаудандарында отбасылық-дәрігерлік амбулаториялар салуға бөлінді.

Айыптауға сәйкес, ақшаны мердігер, оның туысы, облыстық құрылыс басқармасы басшысының екі орынбасары және құрылыс бөлімінің басшысы жымқырған. Осылайша орындалған жұмыстардың жалған актілеріне қол қойған. Оларға екі қадағалау инженері мен коммерциялық фирманың директоры көмектескен. Сонымен қатар, мердігер 2019-2020 жылдары жалған шот-фактураларды шығарды деп айыпталды.

Сот қылмыстық іс қозғалған кезде нысандардың құрылысы аяқталмағанын анықтады. Мердігермен жасалған мәмілелер жарамсыз деп танылмады.  Сонымен қатар, сөз байласу фактісі дәлелденбеді.

«Тапсырыс берушінің құрылысқа ақшалай қаражатты уақтылы бөлмеуі, пандемия кезінде жұмыс күшінің болмауы, құрылыс материалдарының қымбаттауы, мердігердің өзі жобалық-сметалық құжатта көзделмеген қосымша жұмыстарды орындағаны, тиісінше, бұл қосымша жұмыстар құрылыс-экономикалық сараптамалар жүргізу кезінде ескерілмегені және т. б. куәлік еткен мән-жайлар сотталушылардың жымқыруға немесе осындай жымқыруға жәрдемдесуге тікелей ниеті болмағанын анықтады», - деп жазылған хабарламада.

Сотта экономикалық тергеу департаменті қызметкерлері тарапынан тергеу іс-қимылдарын жүргізу кезінде, оның ішінде жасырын тергеу әрекеттері кезінде ҚР Қылмыстық процессуалды кодексі нормаларының бұзылуына байланысты сотқа дейінгі тергеу органымен табылған бірқатар дәлелдемелер сотпен жол берілмейтін дәлелдемелер болып танылған.

Прокурор басқарма мен құрылыс бөлімінің шенеуніктерін өмір бойына, ал қалғандарын 7-10 жыл бас бостандықтарынан айыруды сұрады. Ал сотталушылар және қорғаушылар қылмыс құрамының болмауына байланысты өздерін ақтауды сұрады.

Сот сотталушылардың әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты кінәсіз деп таныды.

Сотталушылар қылмыстық іс жүргізуші органның заңсыз әрекеттерінен келтірілген заңсыз қылмыстық қудалау үшін зиянды өтеуді талап ете алады.

 

Мира НҰРТАЕВА