14 наурызда Амал күні тойланады

Көрісу күнінде халық қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен қол алысады. Таң сібірлеп атысымен, көрісу мерекесін асыға күтіп отырған әрбір отбасы алдын ала дайындалып қойған дастарханын жаяды. Міндетті түрде бауырсақ пісіріп, дастарханға тәтті-пәттісімен қосып үйіп қояды. 

Отбасының кішілері үлкендеріне қос қолын беріп, көрісіп шығады. Бір–біріне «Бір жасыңмен!» дейді. Ол «Бір жасқа есеюіңмен! Осы жылға аман-есен жетуіңмен!» дегенді білдіреді. Содан кейін әр отбасы көршілерімен көріседі. Жасы кіші отбасы мүшелері жасы үлкен жанұяларға кіріп, көрісіп шығады. Міндетті түрде әр адам үш үйдің есігін ашу керек, яғни түске дейін үш үйге кіріп, көрісіп үлгеруі керек. Кішкентай балаларға аналары шағын пакет ұстатып қояды. Бала қай үйге көрісуге кірсе, сол үйдің дастарханынан ауыз тиіп, бауырсақ, тәттілерден пакетіне салып алады. Қазақ қашанда дастарханын айрықша қастерлеген. Бұл жоралғы жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, дастарханымыз аралас болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған.

Бұл күні қазақ халқы бір-бірінің үйіне барып, өкпе-реніштерін ұмытып, бір-біріне жақсылық тілеп жатады. «Бір жасың құтты болсын!», «Амал мерекесі құтты болсын!» деп бірін-бірі құттықтайды. Бұл күні ең алдымен әулеттің үлкендеріне барып, сәлем беріп көрісіп жатады. Кәде-сыйлары да міндетті түрде бір-бірінің көңілдерін аулап, жаңа жылдың келуіне орай қуанышты болады.

Шаттық пен қуанышқа, ақ бата мен молшылыққа толы бұл мерекеде мәре-сәре болған жұрт осы қарқынмен Жаңа Жылы - 22 наурыз мерекесін қарсы алады.