Атырау облыстық сотының төрағасы Мухтар Парменов жалпы отырыста судьялар корпусына облыстың жаңа судьясын таныстырды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 23 қаңтардағы Жарлығымен Бақтыгереева Саягүл Оралбекқызы Атырау қалалық сотының судьясы лауазымына тағайындалды. Бұл туралы облыстық сот баспасөз қызметі мәлім етті.
Бақтыгереева Саягүл - 1988 жылы Ақтөбе облысында туған. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірді.
Өз еңбек жолын сот жүйесінде Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының жетекші маманы лауазымынан бастаған. Кейін әр жылдары Астана қаласының Соттар әкімшісінің талдау және жоспарлау бөлімінің бас маманы, бас маман – сот мәжілісінің хатшысы, соттарды қамтамасыз ету бөлімінің басшысы лауазымдарында қызмет атқарды.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының хатшылығының бас консультанты, Конституциялық Сот аппаратының бас консультанты, сектор меңгерушісі лауазымында болып, қазіргі тағайындалуға дейін қызмет атқарды.
М.Парменов судьяны жауапты тағайындалуымен құттықтап, еңбегіне сәттілік және судьялық антқа адал болуды тіледі.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ