Президент атыраулық краншы әйелді "Еңбек Даңқымен" марапаттады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне арналған салтанатты іс-шарада жиналған барша қауымды көктем мерекесімен шын жүректен құттықтап, әлемге сүйіспеншілікпен қарайтын, жан-жағына жақсылық шарапатын сыйлап жүретін әйелдер қауымына жылы лебізін жеткізген болатын. Сондай-ақ, салтанатты жиында Мемлекет басшысы еліміздің дамуына елеулі еңбек сіңірген, өз саласында жоғары жетістікке жеткен бір топ әйел азаматқа мемлекеттік наградалар табыстады. Осынау үлкен құрмет пен қошеметке ие болған нәзік жандылардың арасында Атырау қаласындағы «Ақ Жайық-7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кран машинисі Бақытгүл Саңқыбаева да бар, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Ол ұзақ жылдар ауыр техниканы басқарып, жемісті еңбек етіп келеді. Есесіне, бүгін еңбегі еш кетпей, Президент жерлесімізге өз қолымен «Еңбек Даңқы» орденін табыс етіп отыр.

«Бүгін өзімді өте бақытты сезініп отырмын. Мұндай марапатқа жеткен де, жетпегендер де көп қой. Ал, мен үшін мұның бәрі көріп жатқан түс сияқты. Әрине, мойындаймын, мен атқарып келе жатқан жұмыс оңай емес. Бұл өте ауыр, әрі жауапкершілігі зор қызмет. Мен кран тізгінін ұстаған кезде, ауыр техниканың астында жүрген адамдардың қауіпсіздігіне алаңдап отырамын. Осының бәрі қырандай қырағылық пен асқан ұқыптылықты талап етеді. Бірақ, жұмыстың жеңілі жоқ қой. Қандайма қызметтің де өз қиындығы мен қызығы болады. Ең бастысы, мамандық таңдарда қателеспес үшін асықпай жүз ойланып, мың толғанып барып шешім қабылдаған дұрыс. Сонда өмірде жолыңыз ашық болады. Қалай болғанда да, адам өмірінің көп бөлігін жұмыс үстінде өткізеді ғой» деп ағынан жарылды марапат иесі.

Айта кетейік, марапатталғандар арасында 4 еңбек ардагері, 19 жұмысшы маман мен кәсіпорын еңбеккерлері, 14 денсаулық сақтау, білім беру, ғылым және мәдениет саласының қызметкерлері, 6 кәсіпорын басшысы, 3 қоғамдық ұйым өкілі, 7 мемлекеттік қызметкер, 6 құқық қорғау, арнаулы және бақылаушы органдарда, әскер қатарында еңбек ететін қызметкерлер бар. Өз кезегінде Президент салтанатты шарада бүгінде елімізде тұратын қыз-келіншектердің саны 10 млн 300 мыңнан асатынын және биыл елімізде «Жұмысшы мамандықтары жылының» жариялануына байланысты білікті мамандардың мәртебесін көтеру үшін белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

– Қазақстанның сан түрлі салада жетістікке жетуіне қыз-келіншектеріміз мол еңбек сіңіруде. Тұмар мен Бопай ханымдардың, Домалақ ана, Зере және Ұлпан аналардың, Әлия, Мәншүк, Хиуаз секілді батыр қыздарымыздың аты ел жадында. Әйелдер қауымы күрделі кезеңдерде аянбай еңбек етті, Отанымыздың өсіп-өркендеуіне белсене атсалысты. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт тәрбиесі. Бүгінде сіздер санасы сергек, ойы азат ұрпақ өсіріп, Отанымыздың өркен жаюына айрықша үлес қосып келесіздер. Менің тапсырмаммен отбасы институтын нығайтуды көздейтін маңызды шаралар қабылданды. Барлық аймақта қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсететін орталықтар ашылып жатыр. Мемлекеттік қызметшілердің жартысынан көбі – әйелдер. Білім беру, денсаулық сақтау саласындағы мамандардың 70 пайыздан астамы да – әйелдер қауымы. Сондай-ақ олар төтенше жағдайлар, қорғаныс және құқық қорғау органдарында табысты жұмыс істеп жүр. Көптеген әйелдер лауазымды қызметтер атқарады, Сіздердің араларыңызда да табысты басшылар аз емес. Қыз-келіншектер бизнесте де жетістікке жетіп жүр. Тәуелсіздік жылдары өз саласының үздігі атанған 8 әйелге «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді, - деп түйіндеді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ