«AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы жанынан құрылған “Жастар рухы” Жастар Қанаты белсенділері жақсы істерге жұмылып, өңірдің жан-жақты дамуына атсалысып жүр. 8 наурыз — Халықаралық әйелдер мерекесіне орай Астана қаласынан жас белсенділердің аналарына “AMANAT” партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің Алғыс хаты жетті. «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасы Абдолла Идресов Алғыс хатты аналарға салтанатты түрде табыс етті.

-Бүгін біз қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысатын жігерлі жастардың аналарын көктемнің шуақты мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз. Мұндай сый-құрмет дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын болады. Сол арқылы аты ардақты аналар мен үлгілі балаларының мерейін өсіргіміз келеді,- деді А.Хамиұлы.

Осылайша еліміздің өркендеуіне үлес қосып жүрген қайсар рухты, білімді азаматтарды тәрбиелеп өсіргені үшін аяулы аналарға шынайы ризашылық айтылып, гүл шоқтары ұсынылды. Ерекше ілтипатқа бөленген аналардың бірі Гүлназ Айболатова:
— Дана халқымыз “Не ексең, соны орасың” деп тегін айтпаса керек. Ұрпағымның бойына кішкентайынан ең ізгі қасиеттерді сіңіруге, түзу тәлім-тәрбие беруге тырыстым. Бүгінде үмітім ақталып, баламның игі істерге жұдырықтай жұмылып жүргеніне әркез қуанып отырамын. Барша аналарға ұрпақ қызығын көруді, көңілдері көтеріңкі болуын тілеймін, — деп ағынан жарылды.
Жиында нәзік жандыларға арнап ақ тілектер төгіліп, әсерлі әндер шырқалды.
Еркеназ ҚАЛИЖАН