Аймақ басшысы Серік Шәпкенов халықаралық әйелдер күні қарсаңында нәзік жандыларды құттықтады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
8 наурыз халықаралық әйелдер күні қарсаңында өткен дәстүрлі жиынға білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, өнеркәсіп және әлеуметтік сала өкілдері қатысты. 40-қа жуық нәзік жандының басын қосқан салтанатты шарада жұмысшы мамандықтарына ерекше көңіл бөлінді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті.
- Қазақ халқы қашанда әйел затын ерекше құрметтеп, ананы ардақтаған, қызды қастерлеген. "Ана бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді" дейді дана халқымыз. Баланың бойына ең алғашқы адами қасиеттерді, ұлттық құндылықтарды сіңіретін – ана. Бүгінде қоғамда әйелдер отбасының ұйытқысы болып қоймай, түрлі салада табысты еңбек етіп жүр. Десе де, олардың бала тәрбиесіндегі орны мен жауапкершілігі ешқашан төмендеген емес. Себебі тәрбиелі, білімді ұрпақ – мықты мемлекеттің кепілі. Сіздерге мықты денсаулық, шаңырақтарыңызға шаттық пен бақыт тілеймін! - деді С.Шәпкенов.
Салтанатты жиында бала тәрбиесі, ұлттық құндылықтарды дәріптеу сынды өзге де тақырыптар сөз болды.
Шара қонақтары мереке қарсаңында ұйымдастырылған жарқын кездесу үшін облыс әкіміне алғыс айтып, өз тілектерін жеткізді.
- Мен еңбек жолымды механизатор болып бастап, түрлі ауыр техникаларды басқардым, слесарь да болдым, осылай зейнетке шықтым. Қарапайым еңбек жолынан өтіп, зейнетке шықтым. Жастарға адал еңбектің адал дәмін сезініп, табанды болуды тілеймін. Біз көрген қиындықтарды, бейнетті бүгінгі ұрпақ көрмесін, заманымыз жақсарсын, еліміз өркендей берсін! Осындай игі шараға шақырып, құрмет көрсеткендеріңіз үшін зор алғысымды білдіремін, - деді Қызылқоға ауданының еңбек ардагері Қамқа Айтбаева.
- Осынау көрікті мереке құтты болып, көктемнің басы ең қалаулы жетістіктеріңізбен біріксін! Шаңырақтарыңыз шаттық толып, іргеңіз берік болсын! Әрбір еңбек – қадірлі, әрбір іс – бағалы. Баршаңызға берекелі табыс тілеймін! Әйел – отбасының ғана емес, қоғамның да тірегі. Мен де аймақтың даму жолындағы толағай жетістігің бірі ретінде қолтаңбамды қалдырғым келеді,- Махамбет ауданының жеке кәсіпкері Ағиса Төлепова.
Анықтама үшін айта кетейік, Атырау облысында көп балалы отбасы саны – 29 479, «Алтын алқамен» 3826, «Күміс алқамен» 6363 ана марапатталған. «Ана даңқы» – 200, «Ардақты ана» – 322.
Сәуле МАҒАУ