Атырау қаласында тұрғындары көшірілген апатты тұрғын үйлерді бұзып, аумақты толық тазалау және осы жерлерді абаттандыру жұмыстары жүргізілмек. Бұл бастама қаланың экологиялық жағдайын жақсартып, бос қалған орындарды тиімді пайдалану мақсатында қолға алынуда, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Осыған байланысты қала әкімі Шәкір Кейкин дербес бөлім басшыларымен бірге көшпелі жиын өткізіп, атқарылатын жұмыстардың негізгі бағыттарын талқылады.
Бүгінде Балықшы, Жилгородок, СПМ шағын аудандарында, сондай-ақ Гагарин, Жарбосынов, Канцев және Стаханцев көшелерінің бойында иесіз қалған бірнеше тұрғын үй мен көлікжайлар қала келбетін бұзып, айналасына қоқыс жиналуына себеп болып отыр. Сонымен қатар, бұл бос ғимараттарда түрлі құқықбұзушылықтардың орын алу қаупі бар.
Қала әкімі тиісті бөлімдерге жоғарыда аталған мекенжайлардағы апатты үйлерді бұзып, аумақты қоқыстан тазарту және қураған ағаштарды кесу бойынша нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ, бос жерлерді тиімді пайдалану мақсатында қалаға қажетті әлеуметтік нысандар салу мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл шаралар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, қаланың көріктенуіне де оң ықпалын тигізеді. Қала әкімі бұл жұмыстардың кезең-кезеңімен жүзеге асатынын және жеке бақылауда болатынын жеткізді. Сондай-ақ, бұл жұмыстарды ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында аяқтауды тапсырды.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ