Атыраулық дәрігерлер үш айлық сәбидің өмірін құтқарып қалды

Атырау облыстық балалар ауруханасының нейрохирургі Шодер Рахимұлы Арипов үш айлық нәрестеге шұғыл түрде күрделі ликворошунттау операциясын жасады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан білгеніміздей, балаға “Орталық жүйке жүйесінің даму ақауы: туа біткен ішкі окклюзиялық гидроцефалия” диагнозы қойылған. Гидроцефалия – бұл ми қарыншаларында жиналған сұйықтықтың қалыпты мөлшерден асып кетуінен туындайтын ауыр ауру. Ішкі окклюзиялық гидроцефалия кезінде ликвордың (жұлын сұйықтығының) ағуы бұзылады, соның салдарынан мидың кейбір бөліктеріне қысым түседі. Бұл уақытында емделмесе, болашақта ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Ликворошунттау операциясы – жиналған сұйықтықты шығарып, оның ағуын қалпына келтіретін хирургиялық әдіс. Бұл емдеу әдісі мидың ішіндегі қысымды төмендетуге және баланың жалпы жағдайын жақсартуға бағытталған. Ақ халаттылардың кәсіби шеберлігінің арқасында операция сәтті өтті. Қазіргі уақытта нәрестенің жағдайы жақсы. Бүгінгі таңда сәби үйге шығарылған. Мұндай күрделі операциялар жоғары біліктілік пен заманауи медициналық жабдықты талап етеді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ