С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжінің өкілі Д.Қонаев атындағы BINOM мектеп-лицейіне барып, шәкірттермен кездесті, деп хабарлайды AtyrauPress.
Аталған оқу орны мұнай-химия, ІТ, энергетика, машиналар, қозғалыс, сервис салалары бойынша мамандарды даярлайды. Өндіріс орындарымен тығыз байланыс жасайтын оқу орнының серіктестері дуалды білім беру жүйесі бойынша студенттерді жұмыспен қамтуға да айрықша мән беріп отыр. Айталық, мұнайлы өлкеде жүзеге асырылатын «Бутадиен» жобасы бойынша болашақта 100-ге тарта маманды жұмысқа орналастыруға келісім-шарт жасалған. Яғни, құрылыс жұмыстары аяқталғанша осы колледжден білім алып шыққан жас маман бірден еңбекке араласады.
Мәселен, осы колледжді былтыр электрмен қамтамасыз ету мамандығы бойынша үздік аяқтап, жұмысқа орналасқан Ерасыл Қайратұлы оқу орны қабырғасында жүріп-ақ түрлі облыстық, республикалық, халықаралық білім додаларына қатысып, жеңімпаз атанған. 3Dмодельдеу, Fablab бағдарламаларын үйрену арқылы мамандықтар арасында өткен сайыста жүлдегер болған. Осыдан екі жыл бұрын республикалық жарыста жеңімпаз атанып, Польша, Франция елдеріндегі жарыстарға қатысқан.
“Мұның барлығы колледжде алған білімімнің арқасы. Қазір жұмысқа орналасып та үлгердім” дейді ол.
Ал Бекзат Қанатұлы 2020 жылы ІТ мамандығы бойынша оқуға түсіп, былтыр оқу орнын “қызыл дипломмен” аяқтап шыққан. Бүгінде Бекзат та еңбекке араласып үлгерген.
“Оқуға түсер кезде біздің де алдымызда үлкен таңдау тұрды. Сол кезде политехколледжді таңдағаныма еш өкінбеймін. Біздің колледжіміз 56 мекемемен серіктес. Яғни, студенттер оқып жүріп-ақ өндірістің “қазанында қайнайды” деп бөлісті ойын Бекзат Қанатұлы.
Кәсіби бағдар бойынша өткен шарада колледждің психолог ұстаздары оқушылар арасында мамандықьар бойынша қызықты ойын өткізіп, естелік сыйлықтарын табыс етті. Әсерлі шарада ерекше эмоциясымен бөліскен аталған мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы Байсар Сабиров болашақта жоғары білімді хирург-дәрігер мамандығы бойынша АҚШ-тың оқу орындарынан алуды жоспарлап жүргенін жеткізді.
“Менің арманым- хирург болу. Бала кезден осы мамандыққа қызығамын. Биология, химия пәндеріне ықыласым ерекше. Бүгінгі шара өте қызықты болды” дейді Байсар.
