АМӨЗ-дің бұрынғы басшысына қатысты үкім қайта қаралды

Атырау облыстық сотымен Атырау қаласының №2 сотының «АМӨЗ» ЖШС-нің бұрынғы бас директорына қатысты үкімі қайта қаралды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Сот үкімімен АМӨЗ бұрынғы бас директоры ҚК-ттің 371-бабының 2-бөлігі (Салғырттық, яғни мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамға теңестірілген адамның өз мiндеттерiн қызметiне адал қарамауы салдарынан тиісінше орындамауы, абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соқтыруы) бойынша кінәлі деп танылып, ҚК-тің 71-бабының 1-бөлігі негізінде ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі мәлімдеді.

Іс апелляциялық алқаға адвокаттардың, қорғаушылардың, азаматтық жауапкер өкілінің шағымдары және прокурордың өтінішхаты бойынша түсті.

ҚК-тің 11-бабының 2-бөлігіне сәйкес, ҚК-тің 371-бабының 2-бөлігінде көзделген әрекет онша ауыр емес қылмыс болып табылады.

ҚК-тің 371-бабының 2-бөлігінің санкциясында белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 4 000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 1 000 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не 4 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Сот алқасы тараптарды тыңдап, іс материалдарын зерттеп, аталған іс бойынша ескіру мерзімі өтпеген деген қорытындыға келіп, бірінші соты сотының үкімін өзгертіп, сотталушыға ҚК-тің 371-бабының 2-бөлігі бойынша 6,9 млн теңге (2023 жылға 2 000 АЕК) көлемінде айыппұл жазасын тағайындады, сот үкімінің басқа бөлігі өзгеріссіз қалдырылды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото pixabay