Атыраулық жасөспірім мұз астына түсіп кетті... (+ВИДЕО)

Бүгін түнде мұз астына түсіп кеткен қыз құтқарылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

2 қаңтар күні 00:30 шамасында Атырау қаласында орталыққа жақын Жайық жағалауында қыз баланың мұз ойылып суға түсіп кеткендігі жөнінде хабарлама түскен. Хабарлама бойынша Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері 
Ғапу Жанарыс, Арсен Муратов, Құрманғазы Мерей және Әкімшілік полиция бөлімі инспекторы Арманбек Габитов дереу оқиға орнына жеткен. Мұз ойығынан басы ғана көрінген адамның әйел адам екендігін дауысынан ғана айырған полицейлер құтқаруға бірден кіріскен.

Полиция лейтенанты Жанарыс Ғапу беліне арқан жіп байлап мұз үстімен жасөспірімге қарай беттеді. Әріптесі Мерей Құрманғазы оған көмектесу үшін жіп бойымен бірге жүрді. Өзге полицейлер жағада Жанарыс Ғапуды суға батып бара жатқан қыз баламен бірге тартып шығаруға дайын тұрды. Аяқ асты адам өміріне араша түскен полицейлердің қырағылығы мен ептілігі нәтижесінде жасөспірім жағаға шығарылып жедел-жәрдеммен ауруханаға  жеткізілді. Енді одан әрі қарай дәрігерлердің бақылауында болады. Денесі қатты суықтаған жасөспірім мән-жайды түсіндіре алмады. Жедел-тергеу тобы тиісті шараларды бастап кетті.

Айта кетейік, дәл қазір қалада күн райы мұз қататындай салқын емес.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ