30 Желтоқсан, 2019 3278

Заңсыз отшашудың зардабы (ВИДЕО)

Әлемде ең алғашқы үлкен отшашу 1988 жылы тіркелген. Отшашуды ойлап тапқан Қытай елі. Басында әмбені аузына қаратқан таңғажайып түрлі-түсті жұлдыздар көздің жауын алса, уақыт өте мыңдаған тағдырдың болашағына балта шапты.

Қазақстанда жаңа жылдық мереке қарсаңында  қауіпті пиротехникалардың лицензиясы жоқ, сапасыз, заңсыз сатылымын тежеу мақсатында рейд және түсіндіру жұмыстары ауқым алады. Себебі  пиротехниканың құрбаны болғандар аз емес. Ең сорақысы бұл тізімдегілердің басым көпшілігі қадағалаусыз қалған балалар. Базарда ақшаны адамнан артық көретін  саудагерлер 16 жасқа дейінгі балаларға пиротехниканы сатады. Бұл заң бұзушылық.

2018 жылы Алматы қаласында осы отшашудың кесірінен 10 бала жеңіл күйік алып, бір қыз бала көру қабілетінен айырылған. Теміртау қаласының 13 жасар тұрғыны Дмитрий Ерафеев көшеден тауып алған отшашуды атамын деп мәңгілікке бір көзінен айырылды. Инстаграм желісінде қазақстандықтардың ақшалай қолдауының арқасында Израильде ота жасатып келген Римма Асқарованың да аталмыш пиротехниканың кесірінен жанары жастан құрғамай келеді. 12 жасында балалықпен анасын тыңдамай, рұқсатсыз отшашуды атамын деп зардап шеккен. Журналистерге сұхбат берген анасы: «Қызым қызықтан қалмасыншы деп, сол отшашуды алған едім. Алмағанымда бұл жағдай болмас еді. Осы күнге дейін өзімді кінәлап келемін»-деп өзегін өртеген өкінішін жеткізді.

Бұдан өзге отшашудың жантүршігерлік оқиғаларының бейнежазбасы желіде өріп жүр. Бірі отшашуды атамын деп қолы қоса жарылып, салбырап жатса, бірі туған күн тортын үрлеп өшіремін деп өртеніп кеткен. Бұдан да асқан сұмдықты төмендегі бейне жазбадан көре аласыз. Дереккөзі белгісіз бейнежазбадағы сұмдық жағдайға қарап, өзіңізге және балаларыңызға көпшілік ортада атылатын пиротехникалардан  сақ болуын қамтамасыз етіңіз.

Ескертетініміз, Атырау облысы бойынша  «Пиротэкс-Атырау» және «Батыс Сервис»  мекемелерінің лицензиялары бар.

                       

                             



Әйгерім Талғатқызы


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда

Тегтер: #Заңсыз #отшашу #зардабы