11 Желтоқсан, 2019 1415

Атырауда жалғызбасты анаға пәтер берілді

Атырауда өткен қасиетті Мәуліт рухани кеші аясында мұқтаж отбасыға пәтер кілті тапсырылды.


Бұл туралы орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз қызметі хабарлады.

Төрт баланы бір өзі тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Ұлпагүл Қалибековаға баспана кілтін Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы өз қолымен тапсырды.

Естеріңізде болса, бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Ел үлесі пәтері» жобасын Рамазан айының құрметіне іске қосқан болатын. Бұл жоба аясында еліміз бойынша талай мұқтаждар баспаналы болды.

«Төрт баламен жалғыз өзім қалған уақытта қатты қиналдым. Бірақ, ауыртпалықтарға қарамастан, балаларымды бар күшімді салып бағып келемін. Менің қиын жағдайыма тұтас елдің назарын аударған орталық «Иманғали» мешітіне, жалпы жамағатқа алғысым шексізМен сияқты мұқтаждар осылайша баспаналы бола берсе», - дейді жалғыз басты ана Ұлпагүл Қалибекова.

Мұқтаж анаға құтты қоныс тілеген Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы қайырымдылық мәселесінің әркез бірінші кезекте болатынын айтты. Ізгілік жолында біріккен жамағатқа алғыс айтты.

Шара аясында жастар арасындағы кітап оқу сайысында білімімен топ жарған Асланбек Құлниязов Умраға жолдамамен марапатталды.  

Рухани кеш аясында мешіт жұмысына қамқорлық танытып жүрген бір топ азаматқа бас имам Алтынбек Ұтысханұлының алғыс хаты тапсырылды.   

ATpress.kz



Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда