14 Қараша, 2022 2669

Президенттің Атырауға сапарында берген тапсырмасы қалай орындалуда?

Атыраудағы бекіре өсіру зауыттарын жаңғырту мәселесі біраздан бері көтеріліп келеді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.


Енді бұл мәселе көп кешікпей шешілетінге ұқсайды. Бұл орайда, Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев инвестициялық ұсыныстар әзірленетінін мәлімдеді. Кейін олар Ұлттық экономика министрлігінің қарауына жіберіледі. Еліміздің бас экологы жыл сайын табиғи су қоймаларында балық ресурстарын сақтау мен көбейту шаралары алынып жатқанын айтады. Әйтсе де, нәтижесі байқалмайды. Осы орайда, біз Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлымен байланысып, мәселенің мәнісін сұрадық.

– 2018 жылы құрылған Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасы үш бағытта жұмыс жасап келеді, - дейді ол бізбен әңгімесінде. – Атап айтқанда, бұл – балық аулау (өндіру) және оны өңдеу (экспорт), қолдан балық өсіру (аквакультура) және балық қорларын қорғау және өсімін молайту. Атырауда балық аулаумен 18 кәсіпорын айналысады. Оның екеуі – бекіре балық өсіру зауыттары. Елімізде өндірілетін (ауланатын) балықтың 30%-ы Жайық-Каспий бассейінінде ауланады. Яғни, Атырау еліміз бойынша көш бастап тұр деген сөз. Қазір балық аулаумен бірге, оны қолдан өсіруге де зор көңіл бөлініп жатыр. Десек те, шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Мәселен, осыдан 30-50 жыл бұрынғы жүзу кемелері заманауи талапқа сай келмейді.

Екінші бағыт – балық өсіру бойынша да тыңғылықты жұмыстар атқарылуда. Жаз айларында «Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауыты» мен «Атырау бекіре балық өсіру зауыты» Жайық өзеніне миллиондаған бекіре тұқымдас балық шабақтарын өсімге жібереді. Бірақ олардың өндірістік базасы тозған, жаңғырту жүргізуді қажет етеді. Басқармамен 2021-2030 жылдарға арналған Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы бекітілген болатын. Ол толықтай жүзеге асса, тауарлы балық өсіру көлемі 15 мың тоннаға, балық өнімін экспорттау көлемі 25 мың тоннаға артады. Ал, Жайық-Каспий бассейнінде кәсіптік балық аулау көлемі 1,5 есеге көбейіп, жылына 25 мың тоннаны құрамақ. Сондай-ақ, 511 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Сондай-ақ, өңірде бекіре балығын өсіретін және қара уылдырық өндіретін 8 кәсіпорын ашу жоспарланып отыр.

Еске сала кетсек, күні кеше ғана Мемлекет басшысы өңірге сапарында Атыраудағы қос бекіре балық өсіру зауытын реконструкциялау мен жаңғыртуды тапсырған еді.

«Ең алдымен, бекіре тұқымдас балықтың санын көбейтуге баса мән берген жөн. Әлемдік нарықта оған сұраныс өте жоғары. Биыл Жайыққа 8,5 миллион шабақ жіберілді. Бұл жұмысты жалғастыру қажет. Мемлекет қарамағында бекіре өсіретін екі зауыт бар. Осы кәсіпорындардың тозығы жетіп, құрал-жабдығы әбден ескірген. Зауыттарды заман талабына сай етіп жаңғырту керек» деген болатын Президент.

Суретті түсірген: автор

Амандық Сағынтайұлы


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда

Тегтер: #Жанар Хамитова #әнші