08 Желтоқсан, 2022 170

Құрманғазыдағы құрылыс көлемі 949 млн теңгеге жетті

Бұл туралы Құрманғазы ауданының әкімі Марат Мурзиев мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.


Ауданда биыл негізгі капитал көлемі 1 миллиард 580 миллион теңгені құраса, құрылыс жұмысының көлемі 949 милллион теңгеге жетіп отыр.

- Осы жылы 14754 шаршы метрді құрайтын 103 жеке тұрғын үй пайдалануға берілді. «Ауыл – ел бесігі», «Нұрлы жер» бағдарламалары бойынша ауданда биыл бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтқанда Нұржау, Орлы, Хиуаз ауылдарына 10 шақырымнан ауылішілік автомобиль жолдарын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Құрманғазы ауылындағы Бұзаусылан өзегі арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірі құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Ал Шарон өзені арқылы Жыланды-Шортанбай елді мекендерін қосатын жаяу жүргіншілер көпірі құрылысы жалғасуда. Аудандағы Құрманғазы, Жұмекен ауылының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының құрылыс жұмыстары аяқталып, ауылдық округ теңгеріміне берілді. Бүгінде кезекте тұрған азаматтарға жер учаскесі берілуде,- деді М.Мурзиев.

Сондай-ақ аудан әкімі ауылдардағы су мәселесі шешіліп, жөндеу және жаңарту жұмыстары жүріп жатқанын атап өтті. Оған қоса Азғыр ауылына 100 орындық және Хиуаз ауылына 300 орындық мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын жеткізді. М.Мурзиев мәдениет саласынан бөлек спорттық нысандар да назардан тыс қалмай, Құрманғазы ауылына орталық стадионның құрылыс жұмыстары басталып жатқанын айтты.

Atpress.kz


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда