08 Желтоқсан, 2022 198

Құрманғазыға келуші туристер үш есе артты

Бұл туралы Құрманғазы ауданының әкімі Марат Мурзиев мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.


Бүгінде ауданда 6 туристік демалыс нысандары жұмыс істесе, Құрманғазы ауданына келуші туристтердің саны 3 есе артқан. Сондай-ақ аудандағы 10 кәсіпкерге туристтік база құрылысын жүргізу үшін жер телімдері берілген. Қазір құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан бір демалыс базасы жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.

- Биыл ауданға мыңнан астам турист келді. Ол алдыңғы жылдармен салыстырғанда үш есе көп. Бүгінде туристік бағытты насихаттау мақсатында әр түрлі ақпараттық жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ әр демалыс орнының сапасын, қызмет көрсету деңгейін жақсарттық. Ауданда кәсіпкерлікті дамыту тек қана демалыс орындарымен шектеліп қалған жоқ. Осы жылы ауданда 13 кәсіпкерлік нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бизнесті қолдау бағытында кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жеңілдетілген пайыздық мөлшерімен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы арқылы барлығы 18 кәсіпкерлік субъектіге несие бердік. Сонымен қатар 10 ай ішінде банктердің кредиттері бойынша ішінара кепілдендіру бойынша 1 жоба, несиенің сыйақы мөлшерін субсидиялау бойынша 2 жоба мақұлданды,- деді М.Мурзиев.

Аудан әкімінің айтуынша, биыл «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасы аясында жұмыспен қамту орталығы арқылы жалпы құны 98 млн теңгені құрайтын 80 грант берілген. Ал облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасы арқылы аудан кәсіпкерлірінің 3 жобасы мақұлданып, жалпы құны 6 млн 700 мың теңге грант беріліп отыр.


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда