07 Желтоқсан, 2022 219

Атырауда тегін қоларбалар үлестірілуде

Атырауда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жаңа «DOS Ortopedia» залы ашылды, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.


Бұл нысанда ерекше балаларға арналған массаж жасау кабинетімен қатар, Қазақстанда жасалған соңғы үлгідегі мүгедектер арбасы бар. Аталған бастаманы жас кәсіпкер, «Біз адамбыз! Біз біргеміз» қоғамдық қорының директоры Наурызбек Шакиев жүзеге асырып отыр. Ол осы жоба арқылы тағдырлас жандарға көмектесуді мақсат етіп отыр. Жобаның ашылу рәсіміне қала әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов қатысып, жаңа бастамаға сәттілік тіледі.

- Бұл жердегі басты мақсат – облыс пен қаладағы мүмкіндігі шектеулі жандардың қозғалып тұруына ыңғайлы, сапалы, соңғы үлгідегі арбаларды әкеліп жатырсыздар. Мүгедектер арбасын электронды түрде қарап қана қоймай, ыңғайлысын таңдап, тексеріп, тегін алуына үлкен мүмкіндік жасап отырсыздар. Бұл бастамаларыңызға ризамын, өйткені біз үшін өте маңызды. Жұмыстарыңызға сәттілік, деді Н.Ермұханов.

Ал «Біз адамбыз! Біз біргеміз» қоғамдық қорының директоры Наурызбек Шакиев мұнда ерекше балаларға тегін массаж да жасалатынын жеткізді.

- Атырау қаласынан «DOS Ortopedia» филиалын ашып, мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасап отырмыз. «Біз адамбыз! Біз біргеміз» қоғамдық қоры «DOS Ortopedia компаниясымен келісім шартқа отырып, кресло-арбалар мен ақылды нотбук алғыздық. Сондай-ақ, ерекше балаларға тегін массаж жасаймыз. Мұндай топтағы балаларға массаж жасатамын десеңіздер 87780486139 нөміріне хабарласып, жазылсаңыздар болады, деді Н.Шакиев.

Кәсіпкердің алға қойған жоспары көп. Болашақта мүмкіндігі шектеулі жандардың арбасын жөндеу шеберханасын ашпақ. Осы арқылы мүмкіндігі шектеулі жандардың кедергісіз өмір сүруіне  мүмкіндік  жасауды көздейді.

Айта кетейік, мұнда кресло-арбаларға 2 жыл кепілдік қарастырылған. Қазір тек 4 кресло-арба мен 1 ақылды нотбук әкелінген. Сондай-ақ, заманауи ақылды компьютер жұмыс істейді. Яғни, көзі көрмейтін мүмкіндігі шектеулі жан арнайы құрылғы арқылы керек құжатын арнайы дауыс арқылы тыңдай алады.

Atpress.kz


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда