07 Желтоқсан, 2022 1226

Авангардтағы жантүршігерлік қылмыстың жолын кескендер белгілі болды

Желі қолданушылары бүгінгі күннің батырларына өз алғыстарын жаудыруда, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.


Әлеуметтік желі мен атыраулық тұрғындардың талқысына түскен жасөспірімді зорлауға оқталу қылмысы белгілі болғаннан кейін қылмыстың жолын кескен полицейлерге деген желі қолданушыларының алғысы көптеп келуде. Бұл туралы бізге облыстық полиция департаментінің өкілі Мейірім Ердәулет хабарлады. Оның айтуынша, қоғамдағы түрлі құқықбұзушылықтың жолын кесіп қылмыстың алдын алуда өз міндеттерін мінсіз орындап жүрген полиция қызметкерлері аз емес, тек тергеу құпиясына және қоғамның ақпараттық тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында да көп қылмыс түрі жарияланбайды. 

Сондай мінсіз қызметтің бір үлгісін көрсете білген Атырау қаласы Полиция басқармасында жылдам әрекет ете білу қабілетін бойға сіңірген бейбіт күннің батырлары - Асыланбек Бекболатұлы Гарифуллинді, сондай-ақ, Алтынбек Әділбекұлы Халел мен Теміржан Хайроллаұлы Құспановты зор мақтанышпен айтуға болады.

Олар Атырауда 6 желтоқсан күні сағат 9:00 шамасында «102» арнасына  Авангард ықшамауданында белгісіз ер адамның өзгенің  Reno Duster автокөлігін заңсыз басқарып жасөспірім қызымен бірге айдап әкеткені жөнінде хабарлама берген. Бейнебақылау камерасымен тексеру барысында аталған автокөліктің көп қабатты үйлердің ауласына жасырынғаны белгілі болды. Оқиға орнына 3 минут ішінде жедел жеткен патрульдік полиция батальонының қызметкерлері күдіктінің автокөлік ішіндегі 13 жастағы жасөспірімді зорлауға оқталғанын анықтап, қылмыстық әрекеттің жолын кесті. Тәртіп сақшыларының хабарлама түскен бойда қырағылық танытып, жылдам әрекет етуі нәтижесінде  күдікті қылмысқа оқталу кезінде ұсталды.

- Өзіме бекітілген аумақта қызмет ету барысында радиоқабылдағыш құрылғысы арқылы белгісіз ер адамның Reno Duster автокөлігін ішіндегі жасөспірім қызымен бірге заңсыз басқарып әкеткені туралы хабарлама алдым. Аталмыш хабарлама бойынша қандай да қылмыс пен қайғылы жағдайдың алдын алу мақсатында жедел әрекет етіп, оқиға орнына жеткенде белгісіз ер азаматтың автокөлік ішіндегі жасөспірімді зорлауға оқталғанын анықтадық. Дер кезінде күдікті анықталып, ұсталып жедел тергеу тобына тапсырылды. Біздің қызметтік міндетіміз - қоғам тыныштығын сақтап, құқық бұзушылықтарға жол бермеу. Халқымыздың қауіпсіздігі біз үшін басты назарда, - дейді рота командирі, полиция аға лейтенанты Асыланбек Бекболатұлы Гарифуллин.

Қызмет барысында күн-демей, жарғақ құлағы жастыққа тимей өжеттілік танытып, қылмыстың жолын кесуде ерең ерліктің үлгісін көрсеткен тәртіп сақшыларына айтар алғысымыз шексіз. Олардың қылмыс атаулымен күрестің алғы шебінде жүрген  адал да жанқиярлық еңбектері өскелең ұрпақ үшін үлгі.

Фото: облыстық ПД баспасөз қызметі

Амандық Сағынтайұлы


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда