07 Желтоқсан, 2022 242

Жоғалған қызылқоғалықты іздеу тоқтатылды

Атырауда із-түзсіз жоғалған 24 жастағы жігітті іздеу тоқтатылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.


Өйткені, 20 қарашадан бері жүргізілген іздестіру жұмыстары нәтиже бермеді. Бұл туралы ақпаратты Stan.kz ақпарат агенттігі таратты. Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, 24 жастағы жігіт 20 қарашада із-түзсіз жоғалып кеткен.

Қызылқоға ауданындағы Жамбыл ауылдық округіне қарайтын Қаракөл ауылында тұрған жігіт сағат 5:00-де үйінен шығып кеткен. Содан бері одан еш дерек болмай тұр.

Жоғалған жігіттің қай бағытқа кеткенін ешкім көрмеген. Алғашқы күні оны іздестіруге төтенше жағдайлар департаменті мен Қызылқоға аудандық полиция бөлімінен, жергілікті атқарушы орган мен туыстарынан 37 адам тартылған. Іздеу жұмыстары төрт күн қатарынан жүргізіліп, кейін тоқтатылған.

"Хабар-ошарсыз кеткен жігітті іздеу үшін 30 қарашада жергілікті уақытпен сағат 9:52-де "ҚазАвиаҚұтқару" АҚ-ның "Еврокоптер" тікұшағы тартылған еді. Тікұшақ бортында 7 адам болды. Бірақ, әуеден барлау арқылы іздеу еш нәтиже берген жоқ", - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Құтқарушылар жоғалған жігітті жазық даладан, сай-жыралардан, қараусыз қалған қыстақтар мен өзге де жерлерден іздестірді. Бірақ, нәтиже болмағандықтан, іздеу жұмыстары тоқтатылды. Енді қайта жалғаса ма, жоқ па, әзірге белгісіз.

Амандық Сағынтайұлы


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда