07 Желтоқсан, 2022 263

Атырауда жаңа фильмнің тұсауы кесілді (+ВИДЕО)

Атырауда «Жайық толқынында» деректі фильмінің көрсетілімі өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.


KILEN creative Hub шығармашылық ұйымы түсірген деректі фильм Атырау қаласындағы өнер әлемі, шығармашыл жастар туралы сыр шертеді. Шығармашылық әлемнің көпшілік біле бермейтін қыр-сырын кеңінен ашуға бағытталған фильм "Шеврон" компаниясының,  "Орталық Азияның Еуразия қорының" қолдауымен "JasSpace: Атырау жастарын дамыту бастамасы" аясында жарыққа шықты.

​«Осыдан біраз уақыт бұрын Атыраудағы шығармашылықпен айналысатын өнер жастары туралы фильм түсіру туралы идея пайда болған еді. Фильм арқылы бойындағы талантымен көпшілікті таңдандырып жүрген жастарды насихаттағым келді. Бірақ, бізде қаражат болмады. Идеям "Jas Space: Атырау жастарын дамыту бастамасы" аясында қолдау тапты. Осылайша, фильм түсіру ісін бастап кеттік.​ Фильм арқылы шығармашылықпен айналысудың өзіндік артықшылықтарын ​ көрсеткім келді» дейді идея авторы, продюсер, KILEN creative Hub шығармашылық ұйымының ұйымдастырушыларының бірі Нұрсұлтан Зиядаев.​

Нұрсұлтан деректі фильмнің шығармашыл жастарға белгілі бір деңгейде мотивация беретіндігіне сенімді. ​

«Шыны керек, көп адам шығармашылықты дамыта бермейді. Әрі кетсе белгілі бір жұмыстар инстаграм парақшасына салынады. Одан кейін адам шаршайды, өзін дамытуды тоқтатады. ​ Немесе Алматы, Астанаға кетіп қалады. Шын мәнінде, шығармашылықпен айналысу үшін ірі қалада жүру шарт емес. Алақандай Атырауда жүріп те көп нәрсе жасауға болады. Фильмде үндемей жүріп көп іс тындырған осындай жастарды көрсетуге тырыстық» дейді ​ Нұрсұлтан Зиядаев.​

Түсірілім және монтаж жұмыстарына 1 жыл уақыт жұмсалған деректі фильмнің сценарийін Мөлдір Каримова мен Равиль Ашығали жазған. Оператор – режиссері Абзал Батырғали.​ Atyrau music community, Shenber garage sale, Kilen creative Hub, Ait gallerу, Qalam production, Jeltoksan шығармашылық орталарының өнер жолы, тәжірибелері көрсетілетін фильм 56 минуттан тұрады.

Амандық Сағынтайұлы


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда