30 Қараша, 2022 229

Атырауда 8 елді мекенге су жүргізу жұмыстары қолға алынбақ

Бұл туралы облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшының уақытша міндетін атқарушы Данияр Мүкішев мәлем етті, деп хабарлайды Өңірлік крммуникациялар қызметі.


Биыл Көкарна, Қаракөл, Айдын, Бүйрек, Қосқұлақ, Кенбай, яғни 6 ауылдық елді мекенде су құбыры желілерінің құрылысы аяқталып, іске қосылған.

-Ал Аққора, Қоныстану, Қоғам, Кенбай разъезді, Соркөл, Былпылдақты, Сарқұмақ, Қоңыраулы, Бала Ораз, Атамбаев, Есмахан, Көздіқара, Томан, Қошалақ елді мекендерінде су құбыры желілері құрылысы бойынша және су тазарту кешенді блок-модульдерін қондыру жұмыстары іске асырылмақ. Оның сегізінде Аққора, Қоныстану, Қоғам, Кенбай разъезді, Соркөл, Былпылдақты, Сарқұмақ, Қоңыраулы елді мекендерінде су құбырын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып, құрылысты бастау үшін қаражат қарастырылуда. Егер алдағы жылдың бірінші тоқсанында сумен қамту жұмыстары басталса, сол жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр, деді Д.Мүкішев.

Оның айтуынша, бүгінде Атырау, Құлсары қалалары және 11 елді мекен орталықтандырылған су бұрумен қамтылған. Сонымен қатар 3 кәріздік тазарту имараты бар, олар Атырау қаласында, Мақат және Индер поселкесінде. Биыл Атырау қаласының оң жағалауындағы кәріздік тазарту имаратына жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар Атырау қаласындағы №5 сүзгі станциясын жаңғырту жұмыстары іске асырылуда.


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда