30 Қараша, 2022 194

Атыраулықтардың мемлекет алдындағы қарызы 414 млн теңгені құрады

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Нұрболат Сарманов мәлімдеді.


Атыраулықтардың салыққа салғырт қарайтындығын мына сандармен келтіруге болады. Мәселен, 414 млн теңгенің 22 млн теңгесі көлік салығы болса, 128 млн теңгесі мүлік, ал 4 млн теңгесі жер салығы болып отыр. Н.Сармановтың айтуына қарағанда, салықтың ең көп мөлшері Атырау қаласында тіркелген. Облыс орталығының тұрғындары көлік салығы үшін 229 млн теңге мемлекетке қарыз. Мұнан кейін Құрманғазы мен Жылыой аудандары көш бастап тұр.

Жыл басынан бері облыс полицейлері мен жеке сот орындаушылары бірлесіп, рейд шараларын жүзеге асырды. Соның нәтижесінде 38 млн қарыз ақша өндіріліп, бюджетке құйылды. Алдағы уақытта берешектен көш бастап тұрған Құрманғазы мен Жылыойға да барып, рейд жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр екен.

Aйта кетейік, Салық кодексіне сәйкес салық төлеу уақыты аяқталғаннан кейін мерзімі өткен әр күн үшін өсімпұл есептеледі. Сондықтан салықты  сыртқа шықпай-ақ, "e-Salyg Azamat" қосымшасын жүктеп алып, онлайн төлей аласыз.

 

Сурет ашық дереккөздерден алынды.

Эльмира Мықтыбаева


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда