29 Қараша, 2022 211

Екібастұздағы төтенше жағдай: Тұрғындарға өтемақы төленеді

Екібастұзда шығынға ұшыраған азаматтардан өтініш қабылдануда. Бұл туралы ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.


Екібастұз қаласының аумағында техногендік сипаттағы ТЖ режимін енгізу нәтижесінде қала әкімі ыстық тамақпен және демалыс орындарымен қамтамасыз ете отырып, жылыту пункттерін ұйымдастыруда.

«Екібастұз қаласы әкімдігінің мәліметінше, төтенше жағдай кезінде шығынға ұшыраған азаматтар қала әкімінің атына еркін нысандағы өтінішпен жүгінеді. Өтініште өтініш берушінің деректемелері (жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі), нақты тұрғылықты жерінің мекенжайы, зақымдану себебі көрсетілуі тиіс. Өтініштерді тіркегеннен кейін әкімдік тұрғын үйге залалды одан әрі өтеу үшін анықтаумен комиссиялық тексеру жүргізеді», – дейді әкімдікте.

Естеріңізге салайық, 27 қарашада Екібастұз жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалған еді.

Кейінірек жылу қазандығының істен шығуына байланысты облыс әкімі бастаған жедел штаб құрылды.

Бүгін Екібастұз қаласының оқушылары онлайн оқитыны хабарланды. Қала әкімінің айтуынша, 3 шағынауданға әлі жылу берілген жоқ.

28 қараша таңертең қалада жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.

Жалпы айта кетсек, Екібастұз қаласы бойынша жалпы 422,5 км жылу желілері бар. «Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС балансында 342,3 км, олардың тозу деңгейі 91% құрайды.

Екібастұз ЖЭО–да 10 қазандық орналасқан, оның ішінде 5 энергетикалық, 5 су жылыту қазандығы. Екібастұз қаласында 689 көппәтерлі үй және орталық жылумен жабдықтауға қосылған 4 395 жеке үй бар.

 

www.inform.kz


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда