25 Қараша, 2022 83

Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды мәлімдеме жасады

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ант беру рәсіміндегі сөзі жарияланды, деп хабарлайды bort_01


"Биыл халқымыз үшін айрықша маңызды жыл болды. Қазақстан дамудың жаңа дәуіріне қадам басты. Біз түбегейлі бетбұрысқа жол ашқан ауқымды өзгерістер жасадық. Конституциялық реформаны жүзеге асырдық. Мемлекетіміздің ең басты салаларын жан-жақты жаңғырттық.

Соның арқасында халықтың болашаққа деген үміті артып, сенімі нығая түсті. Мен аймақтарды аралап, тұрғындармен кездескенде бұған айқын көз жеткіздім. Сондай-ақ, өткен референдум тың бастамаларды жұртымыздың жаппай қолдайтынын көрсетті. Халықтың дұрыс бағыттағы өзгеріске ұмтылысы жұмысқа зор серпін берді.

Біз реформаларды соңына дейін міндетті түрде жеткізуіміз қажет. Конституцияның жаңа талабына сәйкес, бұдан былай Президент жеті жылдық бір мерзімге ғана сайланады. Осылайша, саясаткерлердің жаңа буыны билік басына келе бастайды. Мен осы шешімнің дұрыс болғанына кәміл сенемін.

Конституцияға сәйкес билік тармақтары түгел жаңғыртылады. Осындай жаңа саяси маусымды Президент сайлауы бастап берді. Сайлау науқаны 3 айға жуық уақытқа созылды. Осы кезеңде еліміздің болашағы туралы түрлі мазмұнды пікірталастар болды. Жұртымыз өз болашағына бей-жай қарамайтынын көрсетті. Азаматтық қоғамның кемел институтқа айналғаны айқын аңғарылды. Саяси алаңға жаңа тұлғалар шықты. Осылайша, халқымыз 20 қарашада өз таңдауын жасады.

Сайлау әділ әрі ашық өтті. Бұл – байқаушылардың, сарапшылар мен журналистердің берген бағасы. Ел-жұрттың белсенділігі ерекше жоғары болды. Кейбір азаматтар бүкіл отбасымен келіп, дауыс берді.

Бұл науқан ел мүддесі үшін ұлт болып біріге алатынымызды көрсетті. Бабаларымыз қай заманда да бірлігін бәрінен биік қойған. Біз ата жолын сақтай білген, заманауи және өркениетті ел екенімізді бүкіл дүние жүзіне паш еттік. Бірлігіміздің бекемдігін тағы да дәлелдей алдық. Осы сайлауда жұртымыз маған зор сенім білдірді.

Шын мәнінде, ел сенімін еш нәрсемен өлшеу мүмкін емес. Халықтың сенімі – ең құнды нәрсе. Сайлау нәтижесін халқымыздың саяси бағдарыма – бағасы, алдағы жоспарыма – батасы деп қабылдаймын. Халқының қолдауына ие болып, ел тізгінін ұстау – ер азамат үшін ең биік мәртебе әрі орасан зор жауапкершілік.

Алдағы 7 жылды бүгінгі буынның және келешек ұрпақтың алдындағы борышымды өтеуге берілген бірегей мүмкіндік деп білемін. Қазақта «аманат» деген асыл ұғым бар. Халқымның сенімі – маған аманат. Осы аманатқа адал болу – мен үшін қасиетті парыз. Ел үмітін ақтап, Қазақстанды өркендеген, бақуатты мемлекетке айналдыру үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын.

Сайлауға қатысқан барша жұртқа ризашылығымды білдіремін. Науқанға атсалысқан қауымға, байқаушылар мен журналистерге зор алғыс айтамын. Президенттікке кандидаттарға да құрметімді білдіремін. Сайлауда саяси партиялар және қоғамдық ұйымдар маңызды сәтте жұдырықтай жұмыла алатынын көрсетті. Осы ретте, мені президенттікке ортақ кандидат ретінде ұсынған халық коалициясы мүшелеріне рахмет айтқым келеді.

Мен өзіме дауыс берген азаматтардың ғана емес, бүкіл Қазақстан халқының алдында есеп беретін болдым. Қазақта «Байлық не керек, адалдан жимасаң, билік не керек, әділдік құрмасаң» деген сөз бар. Бұл – бұлжытпай ұстанатын өмірлік қағидатым.

Мен бүгін көк туды сүйіп, дана халқымның алдында бас идім. Азаттық жолында құрбан болған бабалар рухына тағзым еттім. Елімнің арман-мұратына өмір-бақи адал болуға серт бердім. Ешқашан адалдықтан аттамауға және ел мүддесіне қиянат жасамауға ант еттім. Ата заңға қолымды қойып, оның әр сөзін мүлтіксіз орындаймын. Халқымның алдындағы осы антым алдағы қызметімде мен үшін айнымас темірқазық болады.

Енді біздің ортақ мақсатымыз – заң мен тәртіп үстемдік құратын, азаматтардың құқығына лайықты құрмет көрсетілетін Әділетті Қазақстанды құру. Қоғамды трансформациялап, Қазақстанды шынайы демократиялық институттары дамыған елге айналдыру үшін ауқымды жұмыс атқаруымыз керек. Сонда ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып, қастерлі тәуелсіздігімізді нығайтамыз.

Қазір біз осы қиын-қыстау жолдың басында тұрмыз. Алдымызда атқаратын жұмыс көп. Әрбір азамат елдің болашағы үшін өз жауапкершілігін сезінуге тиіс. Мемлекеттік саясатымыздың негізгі бағыты – білім беру ісінен бастап индустрияландыруға дейін қоғамның барлық саласын жаңғырту. Еліміздің ұзақ мерзімді экономикалық өсімінің негізін жаңа технологиялар, жоғары еңбек өнімділігі, азаматтардың шығармашылық бастамалары құрайды" деді Президент.

Фото: Қазақпарат

Atpress.kz


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда