23 Қараша, 2022 2485

Асханасы, спорт және акт залы жоқ мектепте балалар қалай оқып жүр?

Атырау қаласының қақ ортасында орналасқан №15 Абай атындағы орта мектепте асхана, спорт және акт залы жоқ. Оқушыларға ас сырттан дайындалып әкелінеді. Ал денешынықтыру сабақтары тар сынып бөлмесінде өтеді.


№15 Абай атындағы орта мектепте асхананың жоқтығы қалыпты жағдай секілді. Бұл білім ұясының оқушыларына ыстық тамақ №12 мектепте дайындалып әкелінеді. Күн сайын ас суымай, балаларға ыстық күйінде жетуі үшін арнайы термосқа құйылады. Дегенмен де қазаннан құйғандай ыстық болмайтыны түсінікті. Аптаның бес күнінде осы жағдай  қайталанып тұрады. Мектептің бір бұрышын пластикпен қоршап, қолдан асхана ретінде балалардың ас-суын ішетін орын жасалынған.  Бірақ қол жуатын жер көрмедік. Мұнда бір мезетте 30-40 оқушы ғана сияды.  Бұл жерде күніне 595 оқушы тамақтанады. Балалар күн сайын түрлі мәзір бойынша ас ішіп, қарын тойдырады.

Асханада ас таратушы болып жұмыс істейтін Сымбат Сигашева мектепте толыққанды асхана ашылса екен дейді.

- Өйткені екі ортада тамақ тасып,  оны тарату оңай жұмыс емес. Оған қоса кір ыдыстарды жуып алу үшін де №12 мектепке барамыз. Тамақ ішетін бөлме тар. Өкінішке қарай, осылай амалдауға мәжбүрміз. Өзімнің ұлым да осы мектепте 7 сыныпта оқиды. Оның да ыстық тамақ ішкенін қалаймын. Мұнда бастауыш сынып оқушылары мен аз қамтылған отбасыларының балалары тамақтанады. Ертерек асхана ашылса екен, - дейді С.Сигашева.

Мектепте асхана не бар не жоқ деп айта алмайсың. Жоқ деп айтайын десең, мектеп ғимаратына жапсарластыра үлкен асхана салынған. Оның аумағы 500 шаршы метрден асады. Іші өте кең, 500-ден астам оқушыға шақталған. Құрылысы аяқталмаған асханада ас ішетін залдан бөлек, азық-түлік сақтайтын қойма, мұздатқыш бөлмесі, ас пісіретін бөлме, аспаздардың демалатын бөлмесі бар.

Құрылысы 2015 жылы басталып, белгісіз себептерге байланысты мердігер мекеме жұмысты жарты жолдан қалдырып кеткен. Сол себепті нысан, мектеп меншігіне әлі өтпей тұр. Онда қазір не электр жарығы, не жылуы, не суы жоқ. Даңғарадай ғимарат қаңырап бос тұр.

№15 орта мектептің директоры Қали Махамбетовтың айтуынша, бұл мәселеге құзырлы мекемелердің бәрі қанық. Ата-аналар да біледі. Бірақ балалардың барлығы ашқұрсақ қалмасы үшін буфеттің жұмыс істегені де көңілге медет. Жоғары сынып оқушылары сонда жүрек жалғайды.

Күн жылы кезде құрылысы аяқталмай тұрған асхана іші акт залына айналады. Мектепішілік жиналыстар, іс-шаралар осында өтеді. Ал күн суыған кезде тағы бос тұрады.

Мектепте тағы бір мәселе бар. Мұнда спорт залы жоқ. Уақытша екі кабинетті біріктіріп амалдап  отыр. Бір бұрышында балалар киімін ауыстырады, енді бірінде мұғалімдер отырады. Қалған бөлігінде балалар денешынықтырумен айналысады. Іші шамамен 100 шаршы метрді ғана құрайды. Оқушылардың емін-еркін жүгіріп, секіруіне қандай мүмкіндік барын бағамдай беріңіз. Ал күн жылы кезде сабақты далада өтеді.

№15 орта мектептің негізі  1954 жылы қаланып, екі жылдан соң пайдалануға беріліпті. Сол кезде-ақ асханасыз салынған екен. Қазір бұл білім ұясында 1300 оқушы білім алып жатыр.

Осы мәселе бойынша жолдаған сауалымызға Атырау облыстық білім басқармасы ешқандай ақпарат бермеді. 

Айта кетейік, облыстық білім басқармасы баспасөз хатшысының берген мәліметі бойынша, №15 Абай атындағы орта мектептен бөлек, тағы 7 білім ұясында асхана жоқ. Олар – №14 А.Чехов атындағы орта мектеп, №23 А.Байтұрсынов атындағы орта мектеп, №28 орта мектеп, IT мектеп-лицейі, Кешкі мектеп, Т.Амандосов және Ф.Оңғарсынова атындағы орта мектептер.

 

 

 

Фото түсірген мақала авторы.

Эльмира Мықтыбаева


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда