16 Қараша, 2022 783

Енді Атыраудың ауасы тазара ма? (+ФОТО)

АМӨЗ-де қоғамдық экологиялық кеңестің отырысы өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.


Атырау мұнай өңдеу зауытында қоғамдық экологиялық кеңестің кезекті отырысы өтті. Кездесуде мамандар зауытта жүргізіліп жатқан жөндеу-алдын алу жұмыстарының және Tazalyq жобасының барысы, сондай-ақ,ауаға бөлінетін зиянды шығарындылардың санын азайту үшін жасақталған АМӨЗ-дің жол картасын таныстырды.

Зауыттың бас директоры Мұрат Досмұратовтың кіріспе сөзінен кейін қазан айынан бері жалғасып жатқан жөндеу жұмыстары туралы баяндама тыңдалды. Кәсіпорынның бас технологы Наиль Хакимов жөндеу кезінде технологиялық қондырғылардың жұмысында анықталған олқылықтар мен оларды жою жолдары туралы айтты. Жоспарлы жөндеудің бірінші кезеңінде технологиялық, электркүшті, компрессорлық және динамикалық қондырғыларды қауіпсіз әрі сенімді пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жүргізілді. Екінші кезеңде: аппараттарды, технологиялық пештер мен құбырларды тексеруден өткізу, насостық-компрессорлық, энергетикалық, бақылау-өлшеу  құрылғыларын жөндеу және ескіргендерін жаңарту жұмыстары жүргізілуде.  Жөндеу барысында аппараттарды бумен тазалау операциялары жабық жүйеде өтетіндігін атап айтқан жөн. Егер бұған дейін көмірсутек пен будың қосындысы ауаға жіберілген болса, енді аталмыш жұмыстар қоршаған ортаға әсерсіз, конденсатты дренаждық жүйеге жіберу арқылы іске асырылады.

Одан әрі Н. Хакимов жиналғандарға зиянды шығарындылардың санын азайтуға бағытталған Жол картасын таныстырды. Бағдарлама аясында ашық түсті мұнай өнімдерін герметикалық құю эстакадасына жіберу,  баяу кокстеу қондырғысында буды қайтару блогын салу және резервуарлық парктерде понтондар орнату шаралары іске асырылмақ.

Жол картасына сәйкес, 2023 жылы АМӨЗ автомобильдік бензин мен реактивті отынды құюға арналған жаңа насостық станция салуды жоспарлауда.  Насостық станция іске қосылғаннан кейін ашық түсті мұнай өнімдерін құю процесі зауыттың территориясынан тыс жерде, автоматтандырылған қондырғыда іске асатын болады. «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ ғылымдық-техникалық кеңесі зауыттың ұсынысын қолдады, алдағы уақытта жобалау жұмыстары басталады. Бастама  сәтті орындалатын болса, ашық түрдегі құю процесі кезіндегі көмірсутек шығарындыларының көлемі азаяды.

Сондай-ақ Жол картасы аясында баяу кокстеу қондырғысында буды қайтару блогының құрылысы жоспарланған. Аталмыш блок кокстік камераларды қыздыру, салқындату және булау процестерінен кейін пайда болатын  көмірсутек пен судың қалдықтарын жинап, бөлуге арналған.

Бұдан бөлек энергия мен ресурстарды үнемдеп, зиянды шығарындылардың көлемін азайту мақсатында АМӨЗ-дегі резервуарлық парктерде понтондар орнату жұмыстары жасалуда. Понтондар сұйықтықтардың жануы мен булануының алдын алады, олардың қоршаған ортаға әсерін азайтады. Резервуарлық парктерде понтондар орнату көмірсутектің қалдықтарын 1,5 % азайтады деп күтілуде. 

Отырыста Tazalyq бағдарламасының іске асу барысы жөнінде де сөз болды. Атап айтқанда, биыл жалпы аумағы 465 га құрайтын булану алаңдарының 1 және 2 секторы қалпына келтірілді, нормативті-тазартылған ағын су каналы жаңартылды. Келер жылы булану алаңдарының 3 және 4 секторды қалпына келтіру жоспарланған. Механикалық тазарту құрылымдары жобасында да жұмыс жалғасуда. 2023 жылы мұнай бөлгіштерді, құмұстағышты, флотаторлардың түйінін және қосымша тұнба тоғандарын демонтаждау жұмыстарын бастау көзделіп отыр. Қазір мұнай қалдықтарын құрғату және алдын ала тазарту блоктарының құрылысы 98 %-ға  аяқталды.

Жиын барысында айтылған экологиялық іс-шаралардың барлығы атмосфералық ауаға кері әсерді азайтуға бағытталған. Механикалық тазарту қондырғылары реконструкцияланған соң тазартылған судың бір бөлігі зауыттың қажеттіліктеріне пайдаланылмақ. Осылайша, өндірістік қажеттіліктер үшін Жайық өзенінің суын пайдалану көлемі 9 %-ға азаяды деп жоспарланған.

Отырыс соңында қоғамдық экологиялық кеңес мүшелері АМӨЗ басшылығына Жайық өзенінің суын пайдалану көлемін азайтуға арналған жұмыстарды жалғастыру, қара түсті мұнай өнімдерін құюға арналған автоматты герметикалық қондырғы мен газтурбинді электростанцияның құрылысын, сондай-ақ өнеркәсіптің қоршаған ортаға кері әсерін азайту үшін өндіріске жаңа технологияларды енгізу процесін жалғастыру сынды бірқатар ұсыныстар берілді. Бұдан бөлек, АМӨЗ-ге жөндеу жұмыстарынан кейін жоспарсыз шығарындыларды болдырмау туралы да ұсыныс айтылды.

Амандық Сағынтайұлы


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда