07 Қараша, 2022 580

"Атыраулықтардың денсаулығы экономикадан да маңызды" деді Президент

Президент Атыраудың экологиялық ахуалын жақсартып, көгалдандыруға тапсырма берді.


Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев өңір тұрғындарымен кездесуде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Экология халықтың денсаулығы мен тұрмыс сапасына тікелей әсер ететіні белгілі. Сондықтан, табиғатты қорғау – мемлекет үшін ең маңызды міндеттің бірі.

«Ірі мұнай-газ компанияларының қызметі өңірдің экологиялық ахуалының нашарлауына әкеп соқтыруда.«Сасық сайдағы» («Тухлая балка») жағдай біртіндеп оңала бастады. Алайда, Атырау мұнай өңдеу зауытының қызметіне экологтардың көңілі толмайды. Жақында ғана зауытта ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Дегенмен, ондағы технологиялық және басқару үдерістерінің сапасын әлі де жетілдіре түсу қажет. Экологтар зауыттың зиянды қалдықтары шекті нормадан жиі асып кететінін айтады. Бұған жол беруге болмайды» деді Мемлекет басшысы.

Ол экономикалық көрсеткіштердің де маңызды екенін алға тартты. Бірақ, халықтың денсаулығы – одан да маңызды. Сондықтан, кәсіпорындар табиғатқа зиянын тигізбеуі қажет.

"Мен мұны облыстағы алпауыт өндірістерге, әсіресе, мұнай-газ компанияларына қарата айтып отырмын. Зиянды заттардың шектен тыс шығарылуына жол бермей, қатаң бақылау жасау керек. Экологиялық төлемдер табиғатты қорғау мәселелерін нақты шешуге жұмсалуға тиіс. Ауаның ластануына қатысты тағы бір мәселе – қоқыс полигондары. Атыраудың іргесіндегі ескі қоқыс полигонын ретке келтіру қажет. Сондай-ақ, қатты тұрмыстық қалдықтарды іріктейтін жаңа кешенді тездетіп салу керек»" деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда