06 Қазан, 2022 187

Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөнінде халықтық коалиция құрылады

Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі халықтық коалиция құрылады. Бұл туралы AMANAT партиясының төрағасы – ҚР Парламенті Мәжілісінің спикері Ерлан Қошанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


«Өздеріңізге белгілі, бізден басқа да бірқатар партиялар мен саяси бірлестіктер президенттікке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасын ұсынып отыр. Осы орайда біз сол саяси ұйымдармен бірлесіп, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты қолдау жөніндегі халықтық коалиция құру жөнінде келісімге келдік», - деді ол AMANAT партиясының кезектен тыс XXIV съезінде.

Ерлан Қошанов бүгін Президент Қ.Тоқаевтың қатысуымен форум өтетінін айтты.

«Түстен кейін осы ғимаратта Мемлекет басшысының қатысуымен үлкен форум өтеді. Соған бәріміз қатысамыз. Баршаңызды Әділетті Қазақстан құру жолындағы игі бастамаларды іске асыру үшін жұдырықтай жұмылуға шақырамын», - деді партия төрағасы.

Еске салайық, б үгін AMANAT партиясы Қасым-Жомарт Тоқаевты президенттікке кандидат ретінде ұсыну шешімін қабылдаған болатын. Сондай-ақ бүгін «Қазақстан Халық партиясының» кезектен тыс съезі өтіп, делегаттар алдағы сайлауға Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдады.

Бұған дейін Қ.Тоқаевтың кандидатурасын президенттікке мәслихаттар депутаттарынан құралған республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан спортшылар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі, Қазақстанның Азаматтық альянсы, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Qazaqstan Team» қоғамдық бірлестігі, Ұлттық волонтерлік желісі ұсынған еді.

Atpress.kz


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда