06 Қазан, 2022 1756

Атырауда жат ағым өкілдері есірткі дайындайтын зертхана ашқан (+ВИДЕО)

Атырауда жертөлені есірткі дайындайтын зертханаға айналдырғандар ұсталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.


БЕЙНЕЖАЗБА ОСЫ ЖЕРДЕ!

Атырауда 29 қыркүйек күні ҚР ІІМ Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті мен облыстық прокуратура, полиция депаратментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен “Арлан” арнайы жасағы бірлесіп, жедел іздестіру іс-шараларын ұйымдастырды. Нәтижесінде құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді өсірген үш күдіктіні анықталып, ұсталды. Олар қала аумағындағы жеке жертөлелердің бірінде есірткі өсіріп, тұтынуға дайындайтын зертханаға айналдырған көрінеді. Жертөледе өсімдікті баптауға арнайы жарық, жылу, ауа алмастыру және т.б. құрылғылар орнатылған.

Іс-шара кезінде шағын жылыжайдан 17 дана қарасора бұтасы тәркіленді. Күдіктілердің  тұрғылықты мекен-жайы бойынша тексеріліп, тінту кезінде суық қару мен марихуана есірткісін пайдалануға арналған құралдардан бөлек, ел аумағында тыйым салынған діни әдебиеттер тәркіленді. Күдіктілердің деструктивті діни ағымның ұстанушылары екендігі де белгілі болды.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабы 1-бөлігімен және ҚР ҚК-нің 300 бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қазір 1988, 1985 және 1988 жылы туылған күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.  Өзге ақпарат  Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.

Амандық Сағынтайұлы


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда