06 Қазан, 2022 178

Республикалық Жұмекен оқулары өтті

Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында қазақтың көрнекті ақыны Жұмекен Нәжімеденов атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауы өтті.


Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында ҚР Мемлекеттік Әнұранының авторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақтың көрнекті ақыны Жұмекен Нәжімеденов атындағы «Елім менің!» атты  көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауының жеңмпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Байқауға 18-35 жас аралығындағы еліміздің әр өңірінен келген 13 қатысушы қатысты. Байқау шарты бойынша олар кәсіби актерлар және өнер саласының кәсіби мамандары болмауы тиіс болатын. Байқауға қатысушылар Жұмекен Нәжімеденовтың поэзиялық және прозалық шығармаларынан үзінді оқыды. Мәтінді оқу уақыты 5 минуттан аспауы керек болды және дайын фонограммаларды пайдалануға тыйым салынды. Одан бөлек, мәтіндерді жатқа білулері тиіс. Қазылар алқасы қатысушыларды көркем мәтінді оқу шеберлігі, дауыс мәнеріне және тіл тазалығына, көркем мәтінді таңдау талғамына, сахнада өзін-өзі ұстауына қарап бағалады.

«Елім менің!» атты көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауының салтанатты марапаттау рәсімін бастамас бұрын сахна төріне өз лебізін білдіру үшін, Жұмекен Нәжімеденовтің қызы Айкен Нәжімеденова шақырылды.

- Атырау менің туған жерім, әкемнің құрметіне ұйымдастырылған  байқауға Алматыдан келіп тұрмын. Осындай үлкен шараны өткізіп жатырған Атыраулықтарға айтар алғысым шексіз. Бәріміз бірге қатысушылардың әкемнің туындыларын тебіріне оқып жеткізгендерін, елжіреп қарап, тамашаладық. Бәріңізге алғысымды білдіремін, деді А.Нәжімеденова.

Байқау нәтижесінде қазылар шешімімен бас жүлде алматылық Аршын Нұрбақытқа бұйырды. Жетісулық Аршын Айдынбекұлы I орынға ие болса, түркістандық Ержан Жолдасов ІІ орынға қол жеткізді. Ал Батыс Қазақстандық Бекзат Васихан ІІІ орынды иеленсе, қалған қатысушыларға алғыс хат пен ынталандыру сыйлықтары табысталды.

Atpress.kz


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда