05 Қазан, 2022 146

Атырауда 2025 жылға дейін 36 спорт кешені салынады

Бұл туралы облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Ілияс Шайхиев мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.


Осы жылы Махамбет ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен Мақат кентінде көпфункционалды спорт кешені құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Одан бөлек жекеменшік 7 спортзал салынып, жақында ғана Құлсары қаласы күніне орай «Теңізшевройл» компаниясының демеушілігімен орталық стадион жаңғыртылып, спорттық залдар мен бассейн пайдалануға берілді.


- Бүгінде өңірде бірқатар аудандар мен ауылдарда спорт алаңдары мен кешендердің құрылысы жүріп жатыр. Атырау қаласынан 3 спорт кешенін салу жұмыстары жоспарлануда. Сондай-ақ «Атырау облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарына» сәйкес, 2022-2025 жылдары 36 спорттық кешеннің құрылысын салу арқылы бұл көрсеткішті 40%-дан асыруды мақсат етіп отырмыз. Оның ішінде биыл 3 кешен пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы екі спорт кешені тапсырылғалы тұр, деді І.Шайхиев.


Республика бойынша жоғары көрсеткіш көрсетіп тұрған Атырау облысында дене тәрбиесі мен спортпен тұрақты түрде шұғылданатын 240 960 тұрғын бар.


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда