05 Қазан, 2022 135

С.Шәпкенов Литваның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісін қабылдады

Бүгін аймақ басшысы Серік Шәпкенов Литваның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Гинтаутас Васюлис бастаған делегациямен кездесті. Тараптар өңірге инвестиция тарту мәселесін талқылады, деп хабарлайды облыс әкімнің баспасөз қызметі.


Кездесуде Серік Шәпкенов Қазақстан мен Литва арасындағы дипломатиялық қатынас күннен күнге дамып, ынтымақтастық арта түскенін тілге тиек етті. Аймақ басшысы облыста инвестицияға қолайлы орта қалыптасқанын атап өтті. Шетелдік инвесторлармен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік барын жеткізді.



- Екі елдің арасында достық қарым-қатынас қалыптасты. Бүгінде байланысты бекемдей түсу үшін өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамутуға мүмкіндік мол. Себебі өзара байланыстар біздің ынтымақтастығымыз бен достық қарым-қатынасымыздың дамуына қосымша серпін беретініне сенімдімін. Атырау облысында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін жағдай жасалған. Демек тиімді біріккен жобаларды дамытуға дайынбыз. Мұндай жобалар біздің өңірімізге қажет, - деді С.Шәпкенов.


Қос тарап туризм, өнеркәсіп және ауылшаруашылық секторы, көлік және логистика, ақпараттық технологиялар, медициналық оңалту орталықтарын дамыту сынды мәселелерді талқылады. Шетелдік инвесторлар Атырауда емдеу-сауықтыру және медициналық туризмді дамытуды ұсынды.

Осы жылдың қаңтар-тамыз айларында Атырау облысының Литвамен сыртқы сауда айналымы 232,5 млн АҚШ долларына жеткен. Оның ішінде экспорт көлемі 231,1 млн АҚШ доллары, импорт 1,4 млн АҚШ долларын құрайды.


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда