03 Қазан, 2022 160

Атыраулық ерекше балалар жеңіспен оралды

Атыраулық ерекше балалар Алматы қаласында өткен спорттық жарыстан жеңіспен оралды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.


26-30 қыркүйек аралағында Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында және Алматы қаласының орталық стадионында спорттың 6 түрі бойынша «Жұлдызай» ұлттық инклюзивті ойындары ұйымдастырылды. Қатысушылар футбол, үстел теннисі, жеңіл атлетика, голбол, бочча, бес тас және асық ату ұлттық ойындары бойынша сынға түсті. Жарысқа еліміз бойынша 310 бала қатысты. Өңірден «Жанеркем Ай-Атырау» қоғамдық қорының параспортшылары бочча спорты бойынша сайысқа түсті.

- Бұл - біздің өткен жылдың қазан айынан бастап қатысып жатқан үшінші турниріміз. Дода екі мәрте Астана қаласында ұйымдастырылды. Ендігі жарыс Алматы қаласында өтіп отыр. «Жұлдызай» ұлттық инклюзивті ойындарына айналған спартакиада еліміздегі ерекше білім беру қажеттіліктері бар 10-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер қатысатын жалғыз кәсіби спорттық жарыс. Елімізде осындай жарыстардың өтуі – ерекше балаларға күш-жігер, сенімділік, қуаныш сыйлайды, деді «Жанеркем Ай-Атырау» қоғамдық қорының жетекшісі Алия Кубаева.

Жарыс нәтижесі бойынша Атырау облысының құрамасы 1 алтын және 2 қолаға ие болды. Еркебұлан Кенжеғалиев 1 орынды иеленсе, Жанерке Кенжебек пен Альберт Уразгалиев 3 орынға табан тіреді.

Айта кетейік, бұдан бұрын «Жанеркем Ай-Атырау» қоғамдық қорының параспортшылары Астана қаласында өткен ел чемпионатынан да жеңіспен оралған болатын.

Atpress.kz


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда