03 Қазан, 2022 143

Жылыойда сүт цехы салынбақ

Осыдан үш жыл бұрын 2,1 гектарға жылыжай салған "Атыраусауда" ЖШС бүкіл аймақты қысы-жазы көкөністің барлық түрімен қамтып отыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.


Онда жиырмаға жуық адам тұрақты жұмысқа тартылған. Сондай-ақ, жергілікті жеке кәсіпкерлердің бірі Айтбай Сисенов сүт цехын салуды жоспарлаған. Алайда, елді жайлаған індетке байланысты ол жоба күйінде қалып қойған еді.

Қазіргі уақытта шағын өндіріс орнының құрал-жабдықтары жеткізіліп, монтаждау жұмыстары басталып отыр. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінен хабарланғанындай, оны жылдың аяғына дейін іске қосу межеленген. Кейінгі кездері ауданда егіншілік саласында тиімділігі жоғары, табыс көзі саналатын технологияларды қолдануға бетбұрыс байқалады.

Осылайша, атакәсіппен қатар егінді де қолға алған «Аман Есен» шаруа қожалығы тамшылатып суару тәсілімен 60 гектар алқапта мал азықтық бағыттағы екпелі шөп өсіруде. Салалық бөлім мамандары одан өңірдегі өзге де шаруагерлердің үлгі алып, егін шаруашылығының өрісін кеңейтетініне сенімді. Өйткені, заманауи технология пайдаланылатын судың көлемін үнемдеп, тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді деп есептейді олар.

Қазіргі таңда мұнай-газ өндірісімен қатар агроөнеркәсібі де өркендеген өңірде төрт бірдей шаруашылық асыл тұқымды түлік өсіріп отырса, болашақта малдан алынатын өнімді өңдеп, дайын тауарлар шығаруды жолға қою ойластырылған.

Atpress.kz


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда