03 Қазан, 2022 124

Атырауда 5 трлн теңгеге 10 инвестициялық жоба іске аспақ

Атырау облысында алдағы бес жылда құны 5 трлн. теңгені құрайтын 10 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.


Ауқымды жұмыстар нәтижесінде жұмыссыздар саны қысқармақ. Өйткені, 3000-ға жуық жұмыс орны ашылуы күтілуде. Облыстық индустриялықинновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қарлығаш Бекбаева жүзеге асқан жобалар мен алдағы жоспарларды айтып өтті. Бұл бағытта нақты атап өтер жұмыстың бірі – 2021 жылы іске қосылған «Эр Ликид Карабатан Тех газы» ЖШСнің «Тығыздалған ауа шығаратын қондырғылар құрылысын салу» жобасы. Жалпы құны 6 миллионнан астам бастама – «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының қатысушысы «Kazakhstan Petrochemical Industries Ink.» ЖШС қажеттілігі үшін іске асырылатын инфрақұрылымдық жоба. Сонымен қатар, арнайы экономикалық аймақтың басқа да қатысушыларын техникалық газбен қамтамасыз етуге арналған. Таяуда тұсауы кесілмек тағы бір мегажоба ел үшін аса маңызды қадам болмақ. Ол – «Kazakhstan Petrochemical Industries Ink.» ЖШС-нің «Атырау қаласында газ-химиялық кешенінің бірінші кезеңі – полипропилен өндірісі. Жылдық қуаты 500 мың тонналық полипропилен шығаратын зауытқа 500-ден астам адам жұмысқа алынады.

– Құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды, оның ішінде технологиялық жабдықтар мен құбырларды монтаждау жұмыстары жасалды. Іске асыр кезеңдері бастау алды, технологиялық кезектілікті ескере отырып, нысандарды кезең-кезеңімен іске қосуды көздейді, - дейді Қарлығаш Қырықбайқызы.

Ал, 2026 жылға дейін жүзеге асыру жоспарланған жобалар қатарында Атырау қаласындағы «Dostyk Gas Processing» ЖШС-нің жеңіл көмірсутектерді терең өңдеу химиялық кешені, Қашаған кен орнындағы газ өңдеу зауытының құрылысы бар. Бірінші кешеннің құрылысына қажетті жер телімі бөлініп, негізгі техникалық желілерге қосылу үшін шарттар алынған. Қазір жобалық-сметалық құжаттама жасақтау үшін мердігер анықталыпты. Тиісті жұмыстар жоспарлы түрде жүргізіледі. Бірақ, соңғы жоба қазір тоқтап тұр. Себеп – мердігердің ауысуы. Сонымен қатар, Атырау қаласында пропан, бутан және синтетикалық табиғи газ шығаратын газфракция зауыты, облыста каустикалық сода, кальций гипохлориді, алюминий оксихлориді және темір хлоридін өндіретін зауыт салу, полиэтилентерефталата және терефтал қышқылы өндірісін ашу, биоэтанол және пеллеттер өндірісін салу, катализаторлар өндіру зауытын салу жоспарлануда.

Облыста кәсіпкерлікті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау, бизнес климатты жақсарту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша жұмыстар өз нәтижесін беріп келеді. Оның нақты дәлелі – шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы оң динамика. Пандемия салдарынан соңғы жылдарда тұралап қалған сала қайтадан еңсесін тіктей бастады. Биылғы 1 тамыздағы жағдайға сүйенсек, облыста 63374 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі бар. Оның басым бөлігі, яғни, 89,2%-ы жұмыс жасап тұр. Осындай мәліметтер келтірген облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Гүлзада Құспан саладағы өзге де деректерден хабардар етті. Ауыл кәсіпкерлігін дамыту қазір қарқын алды. Тіпті, нақты бастамалар да бар. Оларды қолдап, одан әрі дамыту мақсатында өңірлік бағдарлама іске асырылып, жергілікті бюджеттен биыл 500 млн. теңге бөлінген. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 36 ауыл кәсіпкерінің жобасына 352,2 млн. теңге несие беріліпті. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамту жол картасы» шеңберінде 2021 жылы Ұлттық қордан 1 млрд. теңге бөлініп, 57 кәсіпкердің жобасы қаржыландырылған. Соның нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылғаны да белгілі.

– Ал, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде биыл 4 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Осының нәтижесінде несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау, несиені кепілдендіру, мемлекеттік гранттар ұсыну жұмыстары атқарылды, - деді басқарма басшысының орынбасары.

 

Амандық Сағынтайұлы


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда