29 Маусым, 2022 350

Атыраулық бүлдіршінге МӘМС жүйесі аясында шұғыл ота жасалды

Атыраулық дәрігерлер 4-ші қабаттан құлаған алты жасар қызды аман алып қалды, деп хабарлайды «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалының баспасөз қызметі.


Бүлдіршінге  МӘМС жүйесі аясында жасалған шұғыл хирургиялық отаның құны 1 199529,65 теңгені құрады.

-«Еліміз бойынша барлық 18 жасқа толмаған балалар МӘМС жүйесінде мемлекет тарапынан сақтандырылатын жеңілдігі бар санаттарға жатқызылатындықтан Камилаға  ота тегін жасалынды» - деп атап өтті «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Б. Газизов.

Еске сала кетейік, биыл сәуірдің соңында жедел медициналық жәрдем арқылы  6 жасар сәби шұғыл түрде Атырау облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, жансақтау бөлімшесіне жатқызылды. Бүлдіршіннің орталық нерв жүйесі ауыр жарақаттан зақымдалып, мидың ісінуінен аса ауыр жағдайда болған еді.  

Миға компьютерлік томография жасату арқылы самай, шүйде, желке және оң жақ маңдайша сүйектерінің  жарықшақты түрде жаншылып сынғандығының белгісі көрінді. Мидың оң жақ жарты шарының маңдай, самай тұстарына жаппай эпидуралды қан құйылуы, екі жарты шардың көптеген контузиялық геморрагиялық ошақтары анықталды. 

Науқасқа 28-ші сәуірде  бас сүйекті трепанациялау, самай-шүйде-маңдай-желке сүйектерін декомпрессиялау, оң жақтағы эпидуралды гематоманы алып тастау, қатты ми қабыршағын ашу, ми ішілік қысым датчигін орнатуға күрделі ота жасалынады. Отадан кейін дәрігерлердің қарқынды терапия жасауының арқасында пациент 20 тәуліктен кейін есін жиып,  ем алу үшін стационар бөлімшесіне ауыстырылды. 

Жыл басынан бері Атырау облыстық балалар ауруханасында МӘМС жүйесі бойынша барлығы – 1300 ота жасалынған, оның ішінде жоспарлы түрде – 397 ота, шұғыл түрде – 903 оталар. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бойынша – 3 ота жүргізілген, оның ішінде біреуі жоспарлы, ал екеуі  шұғыл түрде жасалынған.

 

 

 

Эльмира Мықтыбаева


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда