27 Маусым, 2022 589

Қарбыз аларда нені ескерген жөн?

Сатылымға маусым айында шығарылғанымен, қауын-қарбыздың нағыз пісетін уақыты – шілденің соңы. Сондықтан нитраттармен улану қаупінің барын қаперден шығармаған жөн.


Қазір Атырау қаласындағы көкөніс пен жеміс-жидектер сататын дүкендер мен базарларда қарбыздың саудасы қыза түскен.  Бақша өнімінің бұл түрі сауда орындарында да толып тұр. Десе де, мезгілінен ерте піскен қауын-қарбыздың жедел-ішек инфекциясының өршуіне себеп боларын ұмытпағанымыз жөн.

Жалпы, тұтынушылар қауын-қарбызды сатып аларда нені ескеруі керек? Үлкен мен кішінің жеңсік асына айналған қарбызды тұтыну қазір қауіпті емес пе? Оның құрамындағы нитрат мөлшері қанша болуы тиіс? Осы сұрақтарды Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Әсем Жұбановаға қойған едік.

-Құрамында шамадан тыс нитрат көп мөлшерде кездесетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің адам ағзасына тигізер зияны көп. Бақша дақылдары шілде айында таза піседі. Сондықтан да қарбыз сатып аларда барынша абай болған жөн. Жаз айында ерте піскен өнімнің сапалық құрамында мөлшерден тыс бактериялардың болуы ағзаны улауға әкеледі.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің зертхана мамандары сатушыларды мораторийге байланысты тексере алмайды. Базарларда біздің мамандар тұтынушылардың сұрауымен ғана нитрат мөлшерін тестометрмен анықтап бере алады. Мәселен, 1 келі қарбыздың құрамында нитрат мөлшері 60 миллиграмнан аспауы тиіс.

Жылда алдын алу шараларын жүргіземіз. Сатушыларға да, сатып алушыларға нитраттың зиянын, тазалық сақтамаған жағдайда жұқпалы ішек ауруын жұқтыруы мүмкін екендігін түсіндіреміз.  Былтыр бақша өнімдерінен нитраттың шамадан тыс мөлшері анықталған жоқ.  Улану фактілері де тіркелмеді. Абырой болғанда, соңғы 5 жылда қарбыз құрамындағы нитраттан улану жағдайлары болмады, - дейді Ә.Жұбанова.

Қарбыздан ұшынған адамдар облыстық ауруханаға түсіп, ондағы дәрігерлер Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне хабар береді. Сол кезде ғана санитария мамандары полиция қызметкерлерімен бірге барып, сауда орнын тексере алады. Өз кезегінде полиция қызметкерлері қылмыстық іс қозғайды.    

Мамандар бақша дақылдарын тазалап жуып пайдалану қажеттігін ескертеді. Сонымен қатар, қауын-қарбыз қабығында артық сызат, жарық, ойық болмауы тиіс. Бақша дақылын түбіне дейін жемеген дұрыс. Себебі, онда нитраттар көп жиналуы мүмкін. Әсіресе, сәбилер улануға бейім келетіндіктен, жасқа толмаған балаға сақ болу қажет. Жалпы, қауын-қарбыздар көлеңкелі орындарда, жерден 20 сантиметр биіктікте сақталуы керек. Сондықтан көше бойындағы қарбызды сатып алуға құмартпаған жөн.

Базарлардағы, сауда нүктелеріндегі ауылшаруашылығы өнімдерін сатушылардың қолында осы нитрат қалдығына тексерілгені туралы токсикологиялық сертификаты болуы міндетті. Мұны әрбір  тұтынушы талап ете алады, әсіресе ерте көктемде және жаз айларының басында ерте пісетін бау-бақша өнімдерін тексеру маңызды.

 

 

Эльмира Мықтыбаева


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда