20 Мамыр, 2022 1611

Құлсарының бұрынғы әкімі есірткі тасымалдады деген күдік бар (+ВИДЕО)

Қазақстандықтар Құлсарының экс-әкімі түсірілген видеоны әлеуметтік желілерде қызу талқылап жатыр.


Видео кадрларында Қаржау Шарғабаевтың бір буманы көрсетіп, біреудің әкеліп беруін өтінгендігін және оның ішінде не барын білмейтінін айтып ақталып тұр. 
Видео түсіріп тұрған белгісіз адамдар бұрынғы әкімнен «Оның есірткі екенін білесіз бе?» деп сұрап жатыр. Ол өзін жұмсаған адамдар ұсақ полиэтилен пакеттің ішінде дәрі бар деп айтқанын алға тартып, өзін Құлсары қаласының бұрынғы әкімі деп таныстырды. 
Сондай-ақ Қаржау Шарғабаевтың бет-жүзінен көгерген іздерді байқауға болады.  Видео таралып кеткен соң  Шарғабаев Facebook парақшасында бейнехабарлама жариялады. Оған 19 мамырда әлдебіреулердің шабуыл жасағанын, ұрып-соғып, қорқытып, өзін айыптауға мәжбүрлегенін айтады. Дәлел ретінде ер адам денесіндегі ұрып-соғу белгілерін де көрсетті.
Қазір полиция бұл жағдайды тексеріп жатыр.  Өзге ақпарат ҚР ҚПК-ның 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды. Атырау облыстық ПД баспасөз қызметінің өкілдері бұл жайлы ақпараттың кейін хабарланатынын айтты. 

Айта кетейік, Қаржау Шарғабаев 2018 жылдың желтоқсанынан 2019 жылдың  маусым айы аралығында Құлсары қаласының әкімі болған.

                                                              

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда