19 Мамыр, 2022 638

Атыраулық іскер және белсенді әйелдер Конституцияның 33 бабына енгізілгелі отырған өзгерістердің маңызын талқылады

Атырау бизнес және құқық колледжінде облыс бойынша Іскер әйелдер қауымдастығы өкілдері, Үкіметтік емес ұйымдарының басшылары және белсенді әйелдер бас қосып, референдумның негізгі аспектілерін талқылады.


Кәсіпкер Маржан Көбейқызы жалпыхалықтық референдумға жауапкершілікпен қатысуға шақырды.

«Референдумның мақсаты – азаматтық қоғам қалыптастыру. Халық үнімен санасатын мемлекет құру. Халықтың позициясы ескерілетін мемлекеттің болашағы жарқын болады. Конституцияның 33 бабына енгізілгелі отырған өзгерістер – еліміздің ертеңі үшін жасалып отырған маңызды қадам» деп атап өтті кәсіпкер Маржан Көбейқызы.

Атырау қалалық мәслихатының  депутаты  Айжан Сәрсенбаеваның айтуынша, адам құқығы ең басты құндылық. «Отбасылық зорлық-зомбылық мәселесі өзекті.  Соның ішінде, әйелдерге күш көрсету, балаларға қол жұмсау секілді фактілер жиілеп кетті. Конституцияда осы мәселеге ерекше назар аударылуы қажет» деді депутат Айжан Сәрсенбаева.

Еске сала кетелік, еліміздің Ата Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдум 5 маусымда өтеді. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында мұндай оқиға бір-ақ рет, 1995 жылы болған. Қолданыстағы Конституция қабылданғаннан бері оған бес рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Эльмира Мықтыбаева

Макпал Бисембаева


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда