25 Қаңтар, 2022 979

АТЫРАУДА КЕШЕНДІ ДАМУ ЖОСПАРЫ ШЕҢБЕРІНДЕ 40 МЫҢ ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛАДЫ

Бұл туралы бүгін өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов Үкімет отырысында өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытуға қатысты жасаған баяндамасында айтты.


Атырау облысының әкімі былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасымен және Үкіметтің қолдауымен дайындалып, қабылданған өңірдің ең маңызды, түйінді мәселелерін шешуге және аймақтың одан ары қарқынды дамытуға бағытталған облыстың Кешенді даму жоспарының жаңартылғанын жеткізді.
«Атырау облсының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2025-ші жылға дейін арналған кешенді даму жоспары шеңберінде 185 іс-шара қамтылып отыр. Ол 15 бағытта жүзеге асырылады. Атап айтқанда экономикалық даму бағыты бойынша: өнеркәсіп, ауыл және балық шауашылығы, туризм, кәсіпкерлікті дамыту салаларында іске асырылуда»,-деді Махамбет Досмұхамбетов.
Сонымен қатар, жалпы құны 728,8 млрд. теңгені құрайтын 66 іс-шара тұрғын-үй, су, газ, электрмен жабдықтау және транспорттық инфраструктура мен экология мәселерін шешуге бағытталғанын атап өтті. Оған қоса, әлеуметтік сала, жұмыспен қамту және азаматтық қорғауды қамтамасыз ету бойынша 41 іс-шара жоспарға енгізілгенін мәлімдеді.
Отырыста облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуды көздейтін белгіленген мақсаттарға қол жеткізу үшін республикалық бюджеттен қосымша қаржы қажет екенін де айтты. 
«2022 жылға жоспарланған Атырау облысының кешенді жоспарында іс-шараларды іске асыруға республикалық бюджеттен 98 млрд. 900 млн. теңге жоспарланып отыр. Осыған байланысты, бекітілген қаражаттан басқа үстіміздегі жылы белгіленген мақсаттарға қол жеткізу үшін, республикалық бюджеттен қосымша 67 млрд. теңге бөлуді сұраймын»,-деді ол.
Аймақ басшысының айтуынша, кешенді жоспарға сай, бюджет қаражаты толықтай бөлінген жағдайда 2025 жылдың соңына қарай бірқатар нәтижеге қол жеткізу күтілуде. Айталық, өңірдің ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін 11% - ға ұлғайту, шағын және орта бизнесте жұмыс істейтін субъектілер санын 5 мың бірлікке көбейтіп, жалпы өңірлік өнімдегі бизнестің үлесін 25,2%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Оған қоса, Атырау қаласындағы сарқынды суларды тазартумен қамтуды 90%-ға, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 95%-ға дейін арттыру көзделіп отырғанын жеткізді.
Сондай-ақ, облыс әкімі іске асырылып жатқан жобалар шеңберінде құрылатын 40 мың жаңа жұмыс орны еңбек нарығындағы тұрақтылықты сақтап және азаматтардың тұрақты жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ететінін баса айтты.
Айта кетейік, былтыр Ұлттық экономика министрлігі және барлық орталық мемлекеттік органдармен келісіліп, 8,9 трлн. теңгені құрайтын облысты әлеуметтік-экономикалық дамытудың Кешенді жоспары бекітілген болатын.
Өз сөзінде Үкімет басшысы Әлихан Смайлов «Батыс өңірлердің ерекшеліктері мен олардың ел экономикасының дамуына қосып отырған үлесін ескеретін болсақ, аталған облыстарды әлеуметтік-экономикалық жағынан әрі қарай дамыту және тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту өте өзекті мәселе болып табылады» дей келе Кешенді жоспарды тағы да бір пысықтап, қосымша қаржыландыру қажет болғанын жеткізді. 
Сондай-ақ ол «Құжаттарды мақұлдаймыз. Ұлттық экономикалық министрлікке, әкімдіктерге, мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға кешенді жоспардың іс-шараларын уақытылы және сапалы іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырамын»,-деді Үкімет басшысы.

Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда