25 Қаңтар, 2022 237

Атырау облысында жаңа жобаларға 8,3 трлн теңге инвестиция тартылады

Атырау облысында жаңа жобалар бойынша негізгі капиталға қосымша 8,3 трлн теңге инвестиция тартылады.


Бұл туралы Үкімет отырысында Атырау облысын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын талқылау кезінде өңір әкімі Махамбет Досмұхамбетов айтты, деп хабарлайды ATPress.kz сайты ҚазАқпарақа сілтеме жасап.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен және Үкіметтің қолдау көрсетуімен өңірдің ең маңызды, түйінді мәселелерін шешуге және өңірді одан әрі тиімді дамытуға бағытталған облыстың Кешенді даму жоспары жаңартылды. Кешенді жоспар жобасының жалпы сомасы 8,9 трлн теңгені құрайтын 185 іс-шараны қамтып отыр. Нәтижесінде, республикалық бюджеттен 535,7 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 112,6 млрд теңге, басқа қаражат көздерінен 8,3 трлн теңге, мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында 14,3 млрд теңге қарастыру жоспарлануда» деді М.Досмұхамбетов.

 «2022 жылға жоспарланған Атырау облысының кешенді жоспарында іс-шараларды іске асыруға республикалық бюджеттен 98 млрд 900 млн теңге жоспарланып отыр. Осыған байланысты, бекітілген қаражаттан басқа үстіміздегі жылы белгіленген мақсаттарға қол жеткізу үшін, республикалық бюджеттен қосымша 67 млрд теңге бөлуге ықпал етуіңізді сұраймыз», - деді облыс әкімі Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа қарата айтқан сөзінде. Әкімнің айтуынша, кешенді жоспар аясында жоспарланған бюджет қаражаты толықтай бөлінген жағдайда 2025 жылдың соңында аймақтан айтарлықтай нәтиже күтуге болады.


Макпал Бисембаева


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда