17 Қаңтар, 2022 2907

Атырауда: Зинеден ауылының балалары сырт киіммен оқуға мәжбүр (+ВИДЕО)

Исатай ауданы, Зинеден ауылындағы мектеп оқушылары сыныпта сырт киіммен отыруға мәжбүр.


Ашынған ата-аналар ATPress.kz редакциясына жүгінді. Ата-аналардың айтуынша, Ю.Гагарин атындағы орта мектепте жөндеу жұмыстары 2021 жылдың тамыз айынан бастап жүргізілуде.

- Балалар өмірге қауіпті жағдайда оқиды, нормалар сақталмайды. Мектепте жылу жүйесі қосылғанымен, құбырлар жарылған. Сыныптарда өте суық, сабақ кезінде балалар сырт киіммен отырады, бірінен соң бірі ауырады. Бюджеттің толық игерілгеніне күмәніміз бар, – деп жазылған Зинеден ауылы тұрғындарының хатында. Мердігер мекеме мектеп аумағын қоршап қойған. Бірақ ауыл тұрғындары ұсынған видеодан көрініп тұрғандай, темір қоршаулар қазірдің өзінде сынып жатыр. Сонымен қатар, видео авторының айтуынша, оқушыларға мектеп ішіндегі әжетханаға кіруге тыйым салынған, ал балалар құлап жатқан көшедегі әжетханаға баруға мәжбүр.

 – Мердігерлер сапасыз линолеум төсеген. Төсеніш біздің шағымнан кейін ғана ауыстырылды. Бүгін мектепті жөндеу мәселесі бойынша жиын өтті. Мектеп директоры ашуланған ата-аналарға балаларын алып, біздің ауылдан 6 шақырым жерде орналасқан көрші ауылдағы мектепке орналастыруға «кеңес берді» дейді ауыл тұрғындары.

Ата-аналар мектеп «ГАЗельіне» да наразы. Оның жүргенінен тұрғаны көп. Көлігі бар ата-аналар балаларын өздері тасиды. Ал, көлігі жоқтар, кезектесіп мотоцикльмен апаратындарын айтып шағымданады. Ауыл тұрғындары қазірдің өзінде ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке хат жазып қойған, мәселе жақын арада шешімін табады деп үміттенеді.

Ю.Гагарин атындағы орта мектептің директоры Айсұлу Сәтқалиеваға хабарласып, мән-жайды білдік.

 – Мектеп 2005 жылы салынған. Содан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. 2019 жылы жобалық-сметалық құжаттары дайындалды. Мектептің жөндеу жұмыстары өткен жазда басталды. Ол негізі жылдың наурыз айына жоспарланған. I және II тоқсанда  балалар балабақшаның ескі ғимаратында білім алды. Біртіндеп сыныптардағы жөндеу жұмыстары біткен соң, оқушылар мектепке ауыстырылды. Иә, жылыту мәселесі болды. Бірақ балалар тоңған жоқ. Олардың сыныптары жылытылмағандықтан, оқушыларды екінші қабаттағы басқа кабинеттерге ауыстырдық. Ал, әлеуметтік желіде тарап жатқан видео, менің ойымша, шаруасы жоқ адамдардың ісі. Олардың ішінде ата-аналар да жоқ. Мектептің жөндеу жұмыстары - ауыл әкімі мен аудандағы басқа да жауапты қызметкерлердің ерекше бақылауында, - дейді мектеп директоры. Бұл деректі Зинеден ауылдық округінің әкімі Ерлан Мақсұтов та растады. «Жылу мәселесінде қиындықтар болғаны рас. Бірақ олар қазірдің өзінде шешілді. Мектептің жөндеу жұмыстарының барысын өзім тексердім. Жөндеу жұмыстары тамыз айында басталып, күні бүгінге дейін жалғасуда. Алғашында балалар басқа ғимаратта оқыды. Мектептің бір бөлігі жөндеуден өткеннен кейін олар қайтадан мектепке ауыстырылды», - деді ол.

Ләззат САЛИМОВА.




Сурет ашық дереккөзден және ата-аналар жолдаған материалдардан алынды



Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда