16 Қаңтар, 2022 445

Алматы полициясының бастығы шабуыл кезінде қайда болған?

Алматы Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов тәртіпсіздіктер кезінде департамент ғимаратында болғанын айтты.


Оның айтуынша, 6 қаңтарға қараған түні содырлар Полиция департаментін, Алмалы, Жетісу, Әуезов, Бостандық аудандық бөлімшелерін және жергілікті полиция қызметі ғимаратын басып алуға әрекет жасаған.

 "Осыған байланысты ғимаратты қорғау, сондай-ақ қару-жарақты ұрлауға жол бермеу үшін табельдік қаруды қолдана отырып, шабуылдарға тойтарыс беру туралы арнайы жоспар енгіздім. Өзім де Полиция департаментінде болдым. Ғимаратты басып алуға 27 рет әрекет жасалғанын көрдік. Техника мен арнайы тәсіл қолданылып, нақты шабуылдар жасалды. Ал қоршауды бұзу үшін жол талғамайтын көліктер мен КамАЗ-дар қолданылды" деді Алматы Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов ОКҚ брифингінде. 

Қару-жарақты, ұрыс әдістерін жетік меңгерген, кәсіби дайындалған адамдар шабуыл жүргізгені айтылды. Бұл ретте, лаңкестер өлген және жараланған жақтастарын қалдырмай, алып кеткен.


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда