14 Қазан, 2021 538

«Зейін Атырау» ерекше балаларды дамыту орталығы жаңа ғимаратқа көшірілді

Ашылғанына 2 жыл болған орталық осы уақытқа дейін жалға алынған ғимаратта жұмыс жасап келген, деп хабарлайды Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі.


Бүгінгі күні Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен 10 жылға сенімгерлікпен басқаруға берілген «Нұрсая» ықшам ауданы , 2 үйдің төменгі қабатында орналасқан.

Жаңа ғимаратқа балаларды қабылдау басталды.

Ғимараттың ашылу салтанатына Атырау қалалық ішкі саясат басқармасы «Азаматтық орталық» КММ директоры Жанат Досқалиева, Атырау қалалық білім беру бөлімінің басшысы Фаруза Шангереева  және қолдау білдірген компания басшылары қатысты.

«Зейін Атырау» орталығының жетекшісі, ерекше бала тәрбиелеп отырған Арайлым Бағытжанованың айтуынша, бүгінгі күнге дейін орталықта бейімдеуден өткен 15 бүлдіршін балабақшаға, 10 ға жуық бала қалыпты балалармен білім алуға мектепке жолдама алған.

- Орталықтың негізгі мақсаты – білім беруде ерекше қажеттілігі бар балаларды кешенді дамыту арқылы, олардың қатарластарымен бірге тең дәрежеде білім алуына жағдай жасау. Қазіргі уақытта орталықта 45 ке жуық бала бар. Оларға арнайы АВА терапия, логопед-дефектолог, психолог, ЛФК, АРТ терапия мамандары кешенді қызмет көрсетеді, - деді Арайлым Бағытжанова.

Сонымен қатар, көпбалалы, аз қамтылған және отбасында 2 ерекше бала тәрбиелеп отырғандарға арнайы жеңілдік қарастырылғанын да атап өтті.

Орталыққа 2 бірдей ерекше немересін әкеліп жүрген Бейбарыс ауылының тұрғыны Сандуғаш Сүпіғалиева 1 ай ішінде балалардан оң нәтиже көріп жатқанын айтты.

- Екінші баламның ерекшелігі ауырлау еді. Апармаған жеріміз жоқ. Тіпті ғимаратқа кіргізе алмайтын едік. Қазір жағдайлары жақсарып келеді. Өз есімін айта алмайтын немерелерім бүгінде сөйлеп жүр. Бұл тек 1 айдағы нәтиже. Осы орталыққа келгенімізге  қуаныштымыз.  Алғысым шексіз, - деді ол.


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда