13 Қазан, 2021 706

Қазақстан Республикасының прокуратурасына 30 жыл


Еліміз үлкен саяси және тарихи маңызды оқиға – Тәуел­сіз­дік­тің 30 жылдық мерейтойы қарса­ңында тұр. Осы орайда азаматтардың конституция­лық құқықтары мен бостан­дық­та­рын қорғау, мемлекеттік-құқық­тық құрылымдардың тұрақты жұмыс істеуі үшін қажетті жағ­дайларды құру, ішкі саяси тұ­рақ­тылық пен қоғам бірлігін сақтау мәселелері ерекше мәнге ие.

Бұл үрдісте құқық қорғау жүйесінің маңызды институты ретінде проку­ратураның рөлі айрықша көрінеді. 1991 жылғы 6 желтоқсанда «Қазақ КСР прокуратурасы органдарының бір­ың­ғай жүйесін құру, олардың дербестігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы» Жоғарғы Кеңес Төралқасының қаулысы қабылданып, бұл Тәуелсіз Қазақстанның қадағалаушы органдары құрылуының тарихи күні болды.

Осылай прокуратура орган­да­рының тарихында мемлекеттік органдар жүйесінде қазіргі прокуратураның рө­лін жаңа деңгейге көтерген, оның қыз­метін жаңа мазмұнмен толықтырған жаңа кезең басталды.

Қазіргі заманғы даму кезеңінде мемлекеттік механизмде прокуратураның қо­ғамдық және саяси маңыздылығы туралы айтқанда, ең алдымен, прокуратура – мем­лекеттік биліктің жоғары орган­дары­мен қатар, өкілеттігі, ерекше мәртебесі және айрықша өкілеттіктері Конститу­ция­да бекітілген жалғыз құқық қорғау ор­га­ны екенін атап өту қажет.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы кезеңінде  еліміз кемелдене түсіп, қарқынды дамуына Атырау қалалық прокуратурасының үлесі де жетерлік.

Өзім қызметте жүрген жердің тарихы сонау 1938 жылғы ақпанның 15-інде бастау алған. Облыстық прокуратура болып құрылған кезінде Қалқан Төрешов Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін осы аса жауапты қызметті абыройлы атқарды. Содан кейін отыз жылдай уақытта облыстық прокуратураға Б.Тапалов, К.Бейсенбин, Г.Лұқпанов, А.Нұрғазинов, Т.Назиров тәрізді аға буын өкілдері басшылық етті. Соғыс, халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңдерінде жемісті қызмет істеп, қиыншылықтарды жеңуге, шаруа көшін оңға бұруға көп көмегін тигізіп, ықпал еткен абзал жандар жаңа толқын-жас кадрлар тәрбиелеп, білікті де тәжірибелі заңгерлер лектерін баулыды.     

Бұл - прокуратураның кейін үлкен бедел, абырой биіктерінен көрінуіне себепші болды. Қазіргі таңда прокурорлық ықпал ету шараларымен 100 мыңға жуық азаматтың әлеуметтік құқықтары қорғалды. Бұл тұрғын үй, әлеуметтік жәрдемақы, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау мәселелері.

300 млн теңге алимент берешек өндіріліп, 2 000 жуық балаға қомақтай көмек болды. Бизнес субъектілері де назардан тыс қалған жоқ. Соңғы 2 жылда прокуратура 17 мыңнан астам кәсіпкердің құқықтарын олардан келіп түскен хабарламаларды қарау, жергілікті жерлерге шығу, сондай-ақ оларға қатысты заңсыз тексерулердің күшін жою арқылы нәтижеге жетті.

Жаңа заңға сәйкес қылмыстық процестің үш буынды моделі қалыптасты. Бұл модель арқылы қылмыс орбитасына түскен азаматтардың дер кезінде құқықтарының қорғалуы қамтамасыз етілді.

Тәуелсіздік жетістіктерін прокуратура органдарының қызметкерлері, яғни біздер  қайсарлық­пен қорғауға,  осы ізгі миссияға қыз­мет ету үшін бүкіл тәжірибеміз бен біліктілігімізді саламыз. Прокуратура органдарында қызмет ету әрқашан аса маңызды мемлекеттік және жоғары өнегелік маңызы бар іс деп есептеймін. 


Атырау қаласының прокуроры

А.Т. Тайтуллин       


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда