23 Қыркүйек, 2021 494

Биыл облыста 1000 адам «Бизнес Бастау» жобасы аясында оқыды

«Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Нариман Таушовтың жетекшілігімен өткен жиында айтылды»,-деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.


Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов Жол картасы шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
« 2020 жылы елімізде төтенше жағдай жариялануына байланысты, Мемлекет басшысы тапсырмасымен  Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы қабылданған болатын. Аталған Жол картасы жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеуіне және елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Осы негізде өткен жылы 64 инфрақұрылымдық жобалар іске асырылды. Олардың ішінен 44 жобада жұмыстар толықтай аяқталып, 20 жоба осы жылға ауысты. Жобаларға 7480 адам жұмысқа орналастырылса, оның 3905-і Жұмыспен қамту орталықтарының есебінде тұрған жұмыссыздар болатын. Биылға  20 жобаның 7-і қазіргі таңда толықтай аяқталып, нысандар пайдалануға берілді»,-деді ол.
Сондай-ақ басқарма басшысы биылға тиесілі Жұмыспен қамту жол картасы бойынша 7 жобада құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 152 адам жұмысқа қабылданғанын, оның 100-і Жұмыспен қамту орталықтарының есебінде тұрған жұмыссыздар екенін атап өтті.
Сонымен қатар, жиында Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Қаныш Мәмбетов «Бизнес Бастау» жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
«2021 жылы облыста 1000 адам «Бизнес Бастау» жобасы аясында оқуын аяқтаса, оның ішінде 238 кәсіпкерлік субъектісі несие алуға ниеттілер.
Оған қоса, жол картасы шеңберінде несиелендіруге аталған жобаға жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етушілер қатыса алады. Алайда, бұл санаттағы адамдардың кепілзаттарының жеткіліксіз болуына байланысты несие алу кезінде қиындықтар туындауда. Осы жылы «Бизес Бастау» бойынша 1041 адам оқытылса, қыркүйек-қазан айында қосымша 30 адамды оқыту күтілуде. Сонымен қатар, Жол картасы шеңберінде несие алуға ынта білдірген, бірақ «Бизес Бастау» жобасын оқымаған 38 кәсіпкердің тізімі жасақталды»,-деді ол.
Ал, Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Иглік Әубәкіров «Еңбек» заңнамасының орындалысы туралы мәлімдеді.
И.Әубәкіровтің айтуынша, осы жылы Мемлекеттік еңбек инспекторларымен 163 тексеру жұмыстары жүргізіліп, 239 еңбек заңнамасын бұзу фактілері анықталған.
«Заңсыздықтарды жою үшін жұмыс берушілерге 120 нұсқама беріліп, оның 988 қаралып, 864 азаматтың еңбек қатынастары бойынша конституциялық құқықтары қорғалды»,-деді ол.
Сонымен қатар, И.Әубәкіров әлеуметтік шиеленістің алын алу және әлеуметтік-еңбек дауларын шешу жөніндегі жұмыс тобымен өңірдегі 3744 кәсіпорын мониторингке алынып, 6 мекемеден 393 жұмыскердің 100,8 млн теңге жалақы берешегі толық көлемде төленгенін айтып өтті.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Нариман Таушов аталған бағыттар бойынша жұмыстарды жандандыру қажет екенін айтып, жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар берді.


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда