21 Қыркүйек, 2021 568

Келер жылы пәтер иелері кооперативтері өз жұмысын тоқтатады

«Бұл туралы аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен жиында айтылды»,-деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.


Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерлан Назаров көппәтерлі тұрғын үйді басқарудың жаңа формаларын құру жұмыстары баяндады. Қазір мүлік иелері бірлестіктері институтын енгізу жөніндегі реформа іске асырылуда. Бұл бағытта түсіндіру жұмыстар тұрақты жүргізіліп, жыл басынан бері 934 жиналыс өткізілген. 
«Бұрын көппәтерлі тұрғын үйді басқарудың формалары — пәтер иелері кооперативі, басқарушы компаниялар мен басқа да түрде болатын. Ал қазіргі қолданысқа енген Заңға сәйкес үйлерді басқарудың екі формасы енгізілді. Олар — мүліктің меншік иелері бірлестіктері мен жай серіктестік құру. Осыған байланысты 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап пәтер иелері кооперативтері, кондоминиум нысандары өз жұмысын тоқтатады»,-деді Е.Назаров.
Оның айтуынша, бұрынғыдай пәтер иелері кооперативі сияқты бірнеше үйге бір есепшот болмайды. Әрбір көппәтерлі үйде бірлестік құрылып, әр үйдің өзінің жеке есепшоттары болады. Яғни, меншік иелері өздері тұратын көппәтерлі үйлердің жағдайын өздері реттеп, бақылайды.
Е.Назаров қазіргі таңда облыс бойынша 7 мүлік иелерінің бірлестігі және 414 жай серіктестік, барлығы 421 жаңа басқару органы құрылғанын мәлімдеді. Бұл құрылуы қажетті үйлердің жалпы санының 26,5 пайызы.
Басқарма басшысы аталған жұмыстарды жүргізудегі күрделі мәселелерді де ортаға салды. Мысалға, тұрғындар саны аз 8-10 пәтерлік үйлерде басқару органын құру қиындық туғызуда.
Сондай-ақ, бүгінгі күнге облыс бойынша  395 кондоминиум нысаны ғана тіркеліп, жоспар 22 пайызға орындалған. Ал, кондоминиум объектілерін тіркету – ұжымдық меншікті заңды түрде бекітумен қатар күрделі жөндеуге мемлекеттен қолдау алуға мүмкіндік береді.
Аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов жауапты басқарма мен қала, аудан әкімдеріне бұл бағыттағы жұмыстарды жандандырып, түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Айта кетейік, облыста қайта құруға жататын 1 583 басқару органы бар.


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда