18 Қыркүйек, 2021 509

Атырауда жыл басынан бері әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 10 мыңға жуық мүгедектің өтініші қабылданған

Бүгінде мүгедектігі бар адамдар «Әлеуметтік қызметтер порталы» арқылы қажетті техникалық құралдардың 55 түріне тапсырыс беріп, курорттық-шипажайларға онлайн жоладама алуына болады.


Бұл туралы «Әлеуметтік қызметтер порталы» тақырыбында өткен онлайн-брифингте, Атырау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов айтты -  деп, хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі

Сонымен қатар, аталған интернет-портал арқылы мүгедектер жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының қызметтерімен қамтамасыз етіледі. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін, қолайлы қызметтің тағы бір түрі - «www.inva.gov.kz» порталы. Мұнда, олар әлеуметтік және инфрақұрылым нысандары туралы ақпарат алады. Яғни, сайтқа өтіп, өзіне қажетті нысанды іздеп, оның ішінде өз санатына қарай қаншалықты қолайлы жағдай жасалғандығын біле алады. Сондай-ақ, облыстағы әр обьект туралы пікір жазып қалдыруына болады. Бұдан бөлек, онлайн түрде мемлекеттік қызметтерді алып, қолдау және оңалту шаралары туралы мағлұмат алып отыруға мүмкіндік бар.

- Осы брифингті пайдалана отырып, мүмкіндігі шектеулі жандарды аталған портал қызметтерін пайдалануға шақырамын. Қала, аудандық бөлімдерде көмектесу бұрыштамасы бар, өздеріңіздің ЭЦК кілті арқылы тапсырыс берулеріңізге болады. Онлайн жүйе – қолайлы қызмет! Сондықтанда үйден шықпай-ақ, қажетті қағаздарыңызды ала аласыздар – деді, басқарма басшысы А.Мәмбетов

Айта кетейік, жалпы облыстағы барлық санаттағы мүгедектердің саны – 23 524 адам. Бүгінде, оларға әр түрлі әлеуметтік қызметтер көрсетіліп отыр. Соның бірі, «Инватакси». 2021 жылғы 8 айда 25 инватакси қозғалуда қиындығы бар мүгедектерге тасымал жасады.


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда